Керек кеңес: медициналық қызметпен қамту жөнінде жиі қойылатын 7 сауалға жауап

28 Шілде 2021, 21:14
2770
Бөлісу:
Керек кеңес: медициналық қызметпен қамту жөнінде жиі қойылатын 7 сауалға жауап

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалына тұрғындар тарапынан түсетін сұрақтар легі толастаған емес. Қор тұрақты түрде тұрғындармен кері байланыста жұмыс жүргізіп отырады, деп хабарлайды дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.

2021 жылдың басынан қазіргі уақытқа дейін 1165 өтініш тіркелді, халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі олардың бәрін уақытылы қарастырды.

Қай кезде де өзекті, жиі қойылатын тұрғындар сауалына Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің жетекшісі Гуламжан Жұманов жауап береді:

– Гуламжан Ырыстайұлы, пациентті көрсетілетін медициналық қызметпен қамтамасыз етуге қатысты медициналық ұйымдарға қойылатын қандай да бір талаптар бар ма?

– Медициналық ұйым мен ӘМСҚ арасындағы шарт талаптарының орындалуына мониторинг жүргізу ережелері бойынша, егер консультациялық-диагностикалық қызметтерді күту ұзақтығы күнтізбелік 10 күннен асатын болса, онда бұл шарт талаптарының бұзылғаны болып саналады. Мұндай жағдайда Қор медициналық ұйымдарға осы қызмет үшін ақы төлеген кезде айыппұл ұсталынады. Сондықтан клиникалар пациенттерді қажетті медициналық қызметтермен уақытылы қамтамасыз етуге мүдделі болуы керек.

– Мысалы, науқас невропатологтың қабылдауына жолдама алды, бірақ тіркеу бөлімінде ол ағымдағы айға арналған жазбаның толық екенін біледі. Келесі айдың басында да орындар жоқ. Белгілі болғандай, емханаларда жазба келесі айдың 20-сынан соң ашылады және жазба тез толып қалады. Невропатологтың қабылдауына жету үшін пациент не істеуі керек мұндайда?

– Емхана өз пациенттерін қажетті медициналық қызметтермен уақытылы, кідіріссіз қамтамасыз етуі тиіс. Егер ол өзінде қажетті қызметті уақытылы көрсете алмаса, онда пациентті бірлесіп орындау шарты бойынша деректер базасында бар басқа клиникаға жіберу арқылы алуға құқылы. Мұндай жағдайда қайтадан учаскелік дәрігердің қабылдауына жазылу қажет (өйткені бұл жоспарлы жағдай бойынша өтініш) және дәрігерден емханада бірлесіп орындау шарты жасалған басқа медициналық ұйымға жаңа жолдама сұрау қажет. Егер жағдай шұғыл болса, онда сіз тек кезек күту тәртібіне жүгініп, жағдайды түсіндіре аласыз. Жолдама ақпараттық жүйеде беріледі. Пациенттің өтініші бойынша қағаз түрінде берілуі мүмкін.

– Ал егер учаскелік дәрігер невропатологтың кеңес беру қызметі бойынша басқа клиникалармен келісімшарт жоқ деп айтса немесе ол өз емханасының бірлесіп орындаушылары туралы білмесе, науқас не істеуі керек?

– Әдетте, учаскелік дәрігерлер қандай клиникалар бірлесіп қызмет көрсете алатынын білмейді, өйткені олар көп және тізім күн сайын толықтырылуы мүмкін. Мұндай ақпаратты учаскелік дәрігерлермен қатар, пациенттер де өз медициналық ұйымының жауапты қызметкерінен сұрай алады. Бірақ процесті жеңілдету-жеделдету үшін пациент осы қызметті алғысы келетін жерді өзі хабарлағаны жөн.

Алайда таңдалған клиникадағы кезек те толық болуы мүмкін екенін ескеру қажет. Сондықтан алдымен қажет аралықта сол медициналық қызмет бойынша жазылу мүмкіндігі бар ма, жоқ па, соны нақтылап алған дұрыс.

Пациент өзіне қажетті қызмет көрсететін медициналық ұйымды өз бетінше табуға құқылы. Содан кейін оның Қордың жеткізушісі екенін тексеріп алғаны дұрыс - ол үшін Қордың fms.kz ресми сайтына өтіп, "Медициналық қызметтерді сатып алу" бөлімінде "Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқоры" тізбесінде немесе «ҚДҚ қызметтерді жеткізушілері«» тізбесінде медициналық ұйымның бар-жоғын тексеруі қажет. Егер қалаған медициналық ұйым Қор жеткізушілері тізімінде болса, онда сол клиникаға учаскелік дәрігерден жолдама сұрауы тиіс.

– Тап осындай проблема гинеколог қабылдауына жазылуда да бар: пациенттің жүйеде жолдамасы болғанымен, бір-екі ай бойы гинекологтың қабылдауына жазыла алмайды. Неге?

– Гинекологқа жазылуда ешқандай проблема болмауы керек, өйткені бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) орталықтарында мамандардың шағын жиынтығы бар, оның ішінде учаскедегі фертильді жастағы әйелдердің қалыпты санына есептелген гинекологтар штаты бар. Сондықтан, гинеколог қызметі қажет болса, науқас тіркеу бөлімінде жазыла алады.

- Пациентке 2021 жылы ауруы бойынша уақытша мүгедек санаты берілген. 2020 жылы МӘМС үшін жарна төлемеген. Оның мәртебесі «сақтандырылған» бола ма?

- Жеңілдік санаты бар мәртебесі болған жағдайда пациент берешегінің бар-жоғына қарамастан МӘМС пакетіндегі қызметтерді пайдалана алады. Егер ол мүгедектіктен шығарылса, МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін, ол жеңілдік санатына жатқызылған кезеңнен басқа, төленбеген айлар үшін төлемдерді дербес төлеуші ретінде енгізу қажет болады.

- Қандай жағдайларда МРТ-дан тегін өтуге болады?

- Магнитті-резонанстық томография ТМККК шеңберінде де, МӘМС жүйесінде де тегін жүргізіледі. Бірінші жағдайда, ол әлеуметтік маңызды аурудың диагнозы қойылған және/немесе динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулар, сондай-ақ туберкулезге және ЖҚТБ/АҚТҚ-ға күдік туындаған науқастарға тағайындалады.

МӘМС жүйесінде осы зерттеу диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес алдын ала диагноз болған кезде бастапқы диагностика мақсатында жүргізіледі. Сондай-ақ, ТМККК қаражаты есебінен қамтамасыз етілетін ауруларды қоспағанда (онкологиялық аурулармен, туберкулезбен, созылмалы гепатитпен ауыратын науқастар), созылмалы аурулардың өршуі кезінде де жүргізілуі мүмкін.

МӘМС жүйесінде осы зерттеуден өту үшін сақтандырылған мәртебесінің болуы маңызды екенін атап өткен жөн.

– Гуламжан Ырыстайұлы, егжей-тегжейлі түсіндіріп, ақпарат бергеніңіз үшін рахмет. Егер пациент басқа бірлесіп қызмет көрсететін клиникаға жолдама ала алмаса, не істеуі керек?

– Егер учаскелік дәрігер пациент таңдаған Қордың жеткізушілері арасындағы клиникаға бейінді маманға немесе диагностикалық зерттеулер жүргізуге жолдама беруден бас тартса, онда сол емханадағы пациенттерді қолдау қызметіне хабарласып, жағдайды түсіндіріп, өз құқығын талап етуі керек. Әр емханадағы пациенттерді қолдау қызметі сол жерде мәселелерді бірден шешу үшін арнайы құрылған.

Егер пациенттерді қолдау қызметінде де түсіністікке қол жеткізу мүмкін болмаса, емхана басшысының емдеу бөлімі жөніндегі орынбасарына немесе басшының өзіне жүгінуге болады.

Мәселені шешу мүмкін болмаған жағдайда Қордың жедел желісі – 1406 нөміріне, сондай-ақ, Qoldau24/7 мобильді қосымшасы, @SaqtandyryBotв Telegram және fms.kz ресми сайты секілді байланыс арналары арқылы хабарласуға болады.


Өзгелердің жаңалығы