Кербұлақ ауданында инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр

4 Қараша 2022, 09:37
1149
Бөлісу:
Кербұлақ ауданында инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр

Кеше Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапарымен Кербұлақ ауданында болып, Күреңбел жұртшылығымен кездесті, азаматтар үшін жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыс әкімінің айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы мен металлургия салаларында бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалы тигізеді.

Мәселен, ауданда металлургия саласын дамыту шеңберінде қуаттылығы 40 млн.тонна мыс рудасын өндіретін ірі жоба «Көксай Мұзбел» мыс өндіретін тау-кен байыту комбинатын салу жоспарлануда. Оған 702 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1500 жұмыс орны құрылады.

Бүгінгі күні жоба бастамашылары кен орнында барлау жұмыстарын жүргізіп, жобалық құжаттарын дайындау үстінде. 

Биылғы жылдың қараша айында 100 млн. теңге инвестиция салып, 50 жұмыс орнын құратын, картоппен және ірі қара малмен айналысатын  «Қуаныш» шаруа қожалығы  жұмысын бастайды.

Сонымен қатар «КәусарАгро» серіктестігі жылына 14 мың тонна құс етін өндіретін фабрика салуды жоспарлап отыр. 2023-2025 жылдары 25 млрд. теңге инвестицтя салмақшы. Қазіргі уақытта алаңы 400 га жер учаскесі ресімделді, қарыздық қаражат есебінен қаржыландыру мәселелері шешілуде. 

Жалпы ауданда 20 өнеркәсіп орны жұмыс істейді, олардың өндіріс көлемі 2022 жылғы қаңтар-қыркүйекте ауданның жалпы өнеркәсіп өндірісі көлемінің 93%-ын құрады.  

Өткен 9 айда өңір экономикасына 13 млрд. теңге инвестиция тартылды. Бұл ретте түрлі себептерге байланысты өнім өндіру көлемі төмендеген. Осыған байланысты жауапты тұлғаларға бұл кәсіпорындардың толық қуатына шығуына қажетті шараларды қабылдау тапсырылды. Ауданда ет өңдеу көлемін ұлғайту мүмкіндігі бар, алайда дайын өнімді өткізудегі проблемаға байланысты қуаты толық пайдаланылмайды. Сонымен қатар, 6 мыңнан астам ірі қара малға арналған 10 бордақылау алаңының жүктемесі тек 7,5 пайыз болып отыр. Ал ауданда 64 мыңнан астам ірі қара мал бар. 

Баяндамасын жалғастырған Бейбіт Исабаев ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктеріне де тоқталып өтті. 

Аудан жалпы алаңы 113 мың гектардан асатын ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша көш бастап тұр. Заманауи агротехнологияны қолданудың арқасында картоп пен қант қызылшасынан жоғары өнім алынды. Мәселен, Жоламан массивінде 17 жаңбырлатқыш машина орнатылып, 800 гектарды суару қамтамасыз етілді. Оның 300 гектарына қант қызылшасы егілді, қызылшаның өнімділігі гектарына 500 центнерді құрады.   

Ауыл шаруашылығы алқаптарын суару да маңызды мәселе болып қалуда. Бүгінгі күні су шаруашылығы объектілерінің тозуына байланысты суармалы егіс алқаптарының 70 пайызы тәлімдік жер ретінде пайдаланылады.

Осы мақсатта «Матай» тоғанын қайта жаңарту жүргізілуде, жұмыс көлемінің 80%-ы орындалды.  Жұмыс аяқталғаннан кейін тәлімдік жер ретінде пайдаланылатын 400 гектар егістік суармалы сумен қамтамасыз етіледі. Талдыбұлақ ауылындағы тоғанды қайта жаңарту үшін осы жылы 405 млн. теңге бөлінді. «СК Гранд Канал» мердігер ұйымы дайындық жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар Қоғалы картобын жаңғырту үшін ауданның 5 ауылдық округінде 80 шақырым суару каналын қайта жаңарту көзделіп отыр, бұл суармалы егістік алқабын 4,9 мың гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Суармалы ауданы 3 мың гектарлық «Еңкөл» және «Аралтөбе» су қоймаларына келсек, олардың 2020 жылы басталған күрделі жөндеуі әлі аяқталған жоқ. Жергілікті бюджеттен 1,4 млрд. теңге бөлінді, «Компания спецстрой» ЖШС жоспарланған жұмыстар көлемінің 65 пайызын ғана орындады. Бүгінгі күні сот шешімімен мердігер жосықсыз деп танылды. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаға түзету жүргізіліп, жоба мемлекеттік сараптамаға берілді.

Ауданда жайылымдық жер жетіспеушілігі, медициналық кадр тапшылығы, жол жөндеу, жедел жәрдем көліктерінің тозғандығы өзекті мәселелердің қатарында. Осы және басқа да мәселелерді облыс әкімінің кездесуі барысында аудан тұрғындары көтерді. 

Қоянқұс ауылының тұрғыны Бақытжан Ескелдинов 1100 адам тұратын  туған ауылында жолдар жөнделмейтінін алға тартты. «Ауылымызда 14 көше бар. Соның ішінде тек Амангелді көшесі ғана осыдан 5-6 жыл бұрын жөнделді, оның өзі қазір жақсы жағдайда емес, ал басқа көшелер мүлде жөндеу көрген жоқ», - деді ол. Облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғ.Дәрібаевтың айтуына қарағанда, облыстық маңызы бар 7 шақырым кіреберіс жолды жөндеу жобасы дайын, құрылыс жұмыстары келесі жылға жоспарланған. 

Жоламан ауылының тұрғыны Жоламаннан осы аттас стансыға дейін 3 шақырым қиыршық тас төселген жол бар екенін тілге тиек етті. «Осы жол арқылы балалар автобуспен күнделікті ауыл мектебіне қатынайды. Сондықтан осы жолға асфальт төсеп берсе жақсы болар еді», - деді ол. Берілген жауапта айтылғандай, осы жолдың жөндеу жұмыстарының ЖСҚ-сы жасалған, енді облыстық бюджеттен қаржы бөлінуі тиіс.  

Ал Қоғалы ауылына жаңа көпір керек. Желтоқсан көшесіндегі қолданыстағы көпір сонау 1955 жылы салынған. Оның ұзындығы 6 метр, биіктігі бар-жоғы 2-2,5 метр ғана, сондықтан оны кез келген уақытта су шайып кете ме деген қауіп бар, бұл өзі Шаған, Күреңбел, Көкбастау ауылдарына алып шығатын жалғыз көпір. Алдын ала есеп бойынша жобаның құны – 310 млн. теңге. Көпірді темір бетон тіректерінен тұрғызу ұсынылды. 

Сарыбұлақ бағытындағы 30 км жол да жөндеуді қажет етеді. Оған қиыршық тас төселген. Көшеге жарық та керек. Дәл осы мәселе 1 мыңнан астам тұрғыны бар Жаңалық ауылының тұрғындарын да мазалайды. 

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ғ.Дәрібаевқа аудан әкімімен бірге аталған елді мекендерге барып жолдардың жаңдайын көруді және оларды жөндеу кезеңдерін нақтылауды тапсырды. Олардың бірқатарына ЖСҚ дайындалған, сондықтан көтерілген мәселелерді шешуді жылдамдатуға мүмкіндік бар.  

Малайсары ауылының тұрғындары тұрғын үй құжаттарын рәсімдеуге көмек сұрады. Ауылда 250 адам тұратын 4 төрт қабатты үй кезінде қиыршық тас зауыты салған үйлер екен. Зауыттың тоқтап қалғанына ондаған жылдар болған. Қазір кәсіпорын басшылығы тұрғын үйлерді кәсіпорын балансынан алып тастағалы жатыр, ал тұрғындардың қолында құқық белгілеуші құжаттары жоқ. Олар бұл мәселені шеше алмай жүргеніне 17 жыл болған, барлық коммуналдық төлемдерді тікелей зауыт басшылығына төлеп келіпті. Кәсіпорын директорының бұл әрекеті заңға сәйкес пе, жоқ па, бұл жағы анықталатын болады. 

Аудан әкімі Қ.Есболатов бұл мәселеден хабар. Оның айтуынша, қазір иесіз үйлерді анықтап, балансқа алу жұмыстары үшін арнайы комиссия құрылған. Ал басқа тұрғындар сот органдарына жүгінуі керек. Бейбіт Исабаев тұрғындарға заңдық жағынан кеңес беру көмегін көрсетуді тапсырды. 

Журналист Дина Балқашқызы Қоғалы ауылының мәселесін көтерді. Оның айтуынша, кәсіпкер тауда септиксіз монша салған, моншадан аққан жуынды су каналға ағып барады, ал бұл канал суымен етекте орналасқан 4 шаруа қожалығы алқаптарын суғарып отыр. Облыс әкімі аталған мәселе бойынша экология департаментінің, жер испекциясының, Балқаш-Алакөл инспекциясының қызметкерлеріне тиісті тапсырмалар беріліп, тексеру нәтижелерін прокуратура органдарына беру керектігін айтты.

Шара қабылдауды кешеуілдетпеңіздер. Бұл мәселе менің ерекше бақылауымда болады, - деп атап өтті Б.Исабаев.

Қайнар ауылының тұрғыны Гүлмира Жанатаева ауылда дәрігерлер жетіспейтінін, ал жедел жәрдем көлігі жиі-жиі бұзылатынын айтты. 

Бізде дәрігерлік амбулатория салынды. Онда фельдшер мен медбике жұмыс істейді, бірақ дәрігер жоқ. Жедел жәрдем көлігі де ескірген, біздің дәрігерлер кейде жедел шақыруларға жеке көліктерімен шығуға мәжбүр болады, - дейді Г.Жанатаева.

Аудан әкімі жалпы аудан бойынша 17 жедел жәрдем көлігін ауыстыру қажет екенін жасырмады. 

Бейбіт Исабаев Қайнар ауылына қосымша жаңа жедел жәрдем көлігін бөлуді, сондай-ақ басқа елді мекендердің де өтінімдерін ескеруді тапсырды. Сұрақ қою барысында айтылған жер учаскесіне келетін болсақ, оның басқа қалада тұратын кәсіпкерге мал жаю үшін бөлінуінің заңдылығы тексеріледі. Облыс әкімі 10 күн мерзімде өзіне тексеру нәтижелері туралы нақты мәлімет беруді тапсырды.

Ауыз су мәселесі 400-ге жуық адам тұратын Онжас ауылының тұрғындарын да толғандырып отыр. Ұңғыма бұрғыланғанымен, су жетпейді, күніне 2 сағатқа тек жергілікті мектеп ғимаратына ғана беріледі. Облыс әкімі геологиялық барлау жүргізуді тапсырды, жаңа ұңғыманы қайта бұрғылауға тура келеді, әйтпесе мәселені толық шешу қиын. Ауыз су мәселесі өткір тұрған Сарыөзек ауылына келетін болсақ, желіге жыл соңына дейін су беріледі. Бірақ келесі жылы тозған барлық желілер толығымен жаңартылады. Осыдан кейін Сарыөзек ауылының тұрғындары орталықтандырылған ауыз суға үздіксіз қол жеткізе алады.

Онжас ауылындағы жер мәселесі де шешіледі. 1000 га жайылымдық жер инвестициялық жобаға берілгенімен, пайдаланылмайды, ал ауыл тұрғындары малдарын өз аулаларында жаюға мәжбүр болып отыр. Облыс әкімі Б. Исабаев бұл мәселе прокуратура органдарының бақылауында екенін айтты. Алдағы уақытта жобаны инвестициялық мәртебесінен айырып, жер айналымға қайтарылатын болады.

Кездесуді қорытындылай келе Бейбіт Исабаев тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігін жергілікті деңгейде шешуге болатынын атап өтті. Жергілікті атқарушы органдардың бұл мәселелерді шешуде бюрократиялық кедергілерді қолдан жасауына жол берілмейді. Облыс әкімі аймақтарда халықпен үнемі өзара ақылдаса отырып, ашық әрі жедел жұмыс істеуге шақырды. Облыс басшылығы тарапынан қажетті қолдау көрсетілетін болады, барлық айтылған мәселелер мен ұсыныстар оларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы