"Кепілдік бермейді". Бектенов маркетплейстердің мәселесі туралы

Кеше, 11:01
218
Бөлісу:
"Кепілдік бермейді". Бектенов маркетплейстердің мәселесі туралы
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов маркетплейстердегі тауарлардың сапасына қатысты мәселе барын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Шетелдік алаңдар түгілі, отандық маркетплейстер де сапаға кепілдік бере алмайды.  Өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпарат көбіне көрсетілмейді.
Бұл – сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекенің заңсыз тәсілдеріне тап болатын өндірушілер үшін де қауіпті, – дейді Олжас Абайұлы Үкімет отырысында.

Осы мәселелерге орай Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне бірқатар маңызды тапсырма жүктеді.

Министрлік сауда саласын жетілдіру және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету үшін мынадай мәселелерге назар аударуға тиіс:

1. Сауданы цифрландыру.

Қазақстандағы барлық сауда қызметін, соның ішінде базарлар мен шағын дүкендерді цифрландыруға бағытталған нақты ұсыныстар мен шаралар әзірлеу қажет.

2. Электрондық саудадағы тұтынушы құқықтарын қорғау.

Әділет және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп, ақпан айының соңына дейін тұтынушылардың электрондық сауда саласындағы құқықтарын қорғауды күшейту бойынша нақты шаралар жасалуы тиіс. Бұл жұмыс өнімнің сапасын, зияткерлік меншікті және азаматтардың дербес деректерін қорғауға басымдық бере отырып жүргізілуі керек.

3. Сауданы дамыту үшін көлік және логистика.

Көлік, логистика және қойма инфрақұрылымын дамыту маңызды рөл атқарады. Министрлік наурыз айының соңына дейін ел ішінде және халықаралық деңгейде тауарларды жеткізудің тиімді тізбектерін қалыптастыру жөнінде ұсыныстар дайындауы қажет.

4. Электрондық коммерцияны мемлекеттік қолдау.

Мүдделі органдармен және «Цифрлық Қазақстан» қауымдастығымен бірлесіп, электрондық коммерцияны дамытуға арналған қосымша қолдау шаралары әзірленуі тиіс. Бұған дейін қабылданған Электрондық сауданы дамытудың 2027 жылға дейінгі жоспары отандық бизнестің ұсыныстарын ескере отырып жаңартылуы керек. Бұл жұмысты наурыз айының соңына дейін аяқтау тапсырылды.

5. Қазпоштаның әлеуетін күшейту.

Ұлттық оператор «Қазпоштаның» шығындарын азайтып, тиімділігін арттыру мақсатында Цифрландыру және Сауда министрліктері бір ай ішінде компанияны дамыту бойынша нақты жоспар әзірлеуі қажет.

Бұл тапсырмалар сауда саласының цифрлық дамуын жеделдетуге, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және Қазақстандағы логистикалық жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы