Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жалпы, индустриализация экономиканың өсіміне, әлеуметтік пакеттерге, өмір сапасы мен ұлттың әл-ауқатының арта түсуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, аудандар мен моноқалалардың ұлғаюына да оң әсерін тигізеді.
Кеңес одағы кезінде Қазақстанда салынған зауыттардың жанынан аймақтарда шағын қалалардың құрылысы қарқын алды. Бұл жергілікті халықтың күнделікті өміріне оң өзгеріс алып келді. Соның бірі, 1959 жылы бой көтерген "Кентау трансфарматор зауыты" АҚ.
Бұл зауыт бүгінде Кентау қаласының ғана емес, еліміздің экономикасына да үлес қосып келе жатқан ірі кәсіпорындардың бірі. Жергілікті халықты жұмыс орнымен қамтып қана қоймай, жоғары жалақы ұсынып отыр.
"Кентау трансфарматор зауыты" АҚ тарихына былтыр 60 жыл толды. Биыл 61 жыл болған зауыт 1997 жылы банкротқа ұшырап, жабылып қалған екен. Көп ұзамастан осы жылы зауытқа екінші өмір берген басшы келеді. Ол – Сайдулла Қожабаев.
Кезінде Кентау қаласында Казполиметалл деген комбинатта электрқозғалтқыштарды жөндейтін қойма ашылады. Сол шеберханада машина жөндейтін 45 адам жұмыс істейді. Украинаның Запорожье қаласында одақтың трансфарматор құрылысы институты болған. Сол институттың филиалы есебінде әрі сол оқу орнының жобасы бойынша Кентауға зауыт салу жоспарланған. Мамандардың бәрі Украина, Белоруссия, Ресейден алынып, олар осында көшіп келген. Уақыт өте келе қойманың жұмысы ұлғайып, зауыттағы жұмысшылар саны 700-ге жеткен. Қазіргі таңда зауытта 1252 адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы – 180 мың теңгені құрайды. Жиырмадан астам ұлт өкілдері кәсіпорында тату-тәтті, өзара бірлесіп жұмыс істеп келеді.
Одақ кезінде зауыт аймағы бар-жоғы 7 гектар жер болса, қазіргі таңда 20 гектар жерді алып жатыр. Өндірісі көлемі 16 мың шаршы метр болса, қазір 85 мың шаршы метр. Сондай-ақ, өткен жылы дайын болған өнімдерді тасымалдайтын жеті жаңа жүк көлігі сатып алыныпты.
1997 жылы банкрот болған зауытты қайтадан аяққа тұрғызған Сайдулла Қожабаев тығырықтан қалай шықты? Ол біріншіден, тұтынушыларға үш фазалық трансформаторлар мен жиынтық трансформатор қосалқы стансаларын шығаруға күш салған. Атап айтқанда, зауытқа уақытты көп созбастан НТМИ-10, ЗНОМ-35 типті кернеулі өлшем трансфарматорлары, УКЗВ және УКЗН типті мұнайгазқұбырларын катодты қорғанысы үшін бөліп тұратын құрылғылар, мұнайшылар үшін КТПН типті жиынтық қосалқы стансаларын алғызды.
Біздің түсінігімізде зауыттар мен ірі кәсіпорындардың көбі жабылып, кеңес заманымен келмеске кеткендей болып көрініп тұратыны жасырын емес. Кентау қаласында осындай ірі зауыт барын екінің бірі біле бермейді. Қазіргі зауыттың тыныс-тіршілігі туралы акционерлік қоғамның басқарма төрағасы, "Ерен еңбегі үшін" медалінің иегері, "Қазақстанның еңбек сіңірген машина жасаушысы" құрмет марапатының иегері Сайдулла Қожабаев 2000 жылдан бастап зауытта жаңа техникалық қайта жабдықтаудың жүргізілгенін айтып өтті.
Кентауда осы зауыттың барын көбі біле бермейтіні рас. Осыдан он жыл бұрын зауытты толығымен жабдықтап шықтық. Жабдықтау жұмыстары 2011 жылға дейін жалғасты. ТМД және Германия, Италия, Австрия, Бельгия, Қытайдан 12 млрд теңгеден астам қаржыға жаңа техникалар сатып алдық. Осылайша кәсіпорнымызды 93 пайызға дейін жаңарттық. Цехтар мен бөлімдер де ұмыт қалмады. Сізге айтайын, зауытымызда қазіргі заманға сай 500-ден астам бұйым түрі бар. Жұмыс үш ауысымда жүреді. "Кайдзен" басқару жүйесін қолданамыз, - деді зауыт басшысы Хайрулла Байділдаұлы.
Кентау трансфарматор зауытының өткен жылғы өндіріс көлемі – 28 млрд теңгеге жеткен. Басқарма төрағасының сөзінше, былтыр бірінші рет рекордтық көрсеткішке қол жеткізген. Дайын болған өнімнің 40%-ын 14 елге яғни Чехия, Латвия, Ресей, Украина, Беларусь, Грузия, Армения, Әзірбайжан, Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстан, Қырғызстан, Монғолияға экспорттайды. Сонымен қатар, жыл сайын трансфарматорлардың 40-тан аса жаңа түрін өндіріске енгізіп отырады.
Зауыттың мұнай секторында да бес жылдан бері тұрақты ірі серіктестері бар. Атап айтқанда, олар "ТШО – ТеңізШеврОйл", "КПО – ҚарашығанақПетрОйл", "NCOC – Қашаған". Аталған жоба бойынша келіссөздер ағылшын тілінде жасалады.
Мамандардың айтуынша, бір трансфарматор жасау үшін мыңнан аса деталь қажет. Кәсіпорында қолданылатын материалдардың 84%-ы шетелден алынады және қайта өңдеуден өтеді. Қалған 60% материал отандық тауар.
Зауытта екі робот бар. Бірі дәнекерлеуші болса, екіншісі жинаушы робот. Роботтар жүз адамның жұмысын істей алады. Жапонияның "Yaskawa" және Швейцарияның "Tuboly" деген компаниясынан алынған роботтарға 1 млрд теңге қаржы кетіпті. 50%-ын мемлекеттік грант құрайды. Қожабаевтың айтуынша, бұл екі робот өз қол астында жұмыс істейтін инженерлердің арнайы тапсырысымен жасалған. Басқа ешбір елде аналогы жоқ.
Сонымен, зауыт бір айда қанша өнім шығарады деген мәліметке келсек, мыңнан аса дайын өнім өндіріледі.
Ол трансфарматордың күшіне байланысты. Мысалы, 6-10 КВТ трансфарматорларды дайындап шығаруға біздің Ресейдегі, Еуропада, Қытайдағы әріптестеріміз 45-60 күн уақыт жібереді. Ал біз алты күнде өте жылдам шығарамыз. Тез болатын себебі, ол жұмыстың жүйесіне байланысты. Бізде зауытта жүйе жақсы қарастырылған. Сапаны жоғары деңгейге көтеріп тастағанбыз. Жұмыс барысы Кайдзен деген жапондық әдіспен жүргізіледі. Біз кез келген проблеманы "бұл мүмкіндік", "жақсы" деп қарастырамыз, солай қабылдаймыз. Неге десеңіз, өнімнің шығарылу циклі болады. Материал келеді, оны өңдейді, өңдегеннен кейін оны жинайды, жинағаннан кейін сапасын тексереді, сынақтан өткізеді. Яғни қарап тұрсаңыз, жұмыс этаппен жүреді. Соның бәрінің тез жүруі дұрыс жоспарға байланысты. Әр материалдың уақытында келуі, уақытында детальдардың жетуі, мамандардың өз деңгейінде болуы, станоктардың жұмыс істеп тұруы тұтас тізбек сияқты. Қысқасы, айына бізде 1200 дана трансфарматор шығарылады, - деді Хайрулла Қожабаев.
Өндіріс ошағында жастардың үлесі 60% құрайды. Кәсіпорында "Жас лидерлер клубы" жұмыс істейді. Мақсаты – жас мамандарды қолдау. Клуб мүшелері зауытқа пайда әкелетін, дамытатын жобалар дайындайды. Белсенді жастардан жетекші маман дайындайды әрі жұмыс бірге істейді. Үздік жоба ұсынған жастарға ақшалай сыйақы беріледі. Ал ерекше идея ұсынса оны зауыттың өндірістік жүйесіне енгізуге дайын. Бұдан бөлек, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылып тұрады. Футболдан зауытта 14 команда бар. Мұның бәрі де болашақ мамандарды білімді және ынталандыру үшін жасалып отырған дүниелер.
Карантин кезінде зауытта екі аптадай толық жұмысты тоқтатып қойдық. Қашықтан да бір айға дейін толық жұмыс істемедік. Жұмысқа карантин аяқталған кезде кірістік. Қазір зауытта кейбір жұмысшылар тұмаумен ауырып жатырмыз деп жұмысқа шығып жатқан жоқ. Қандай ауру екенін білмейміз. Шымкенттен мамандарды шақырып, коронавируске тест алды. Барынша сақтық шараларын істеп жатырмыз. Бізде зауыттан әлі шыққан жоқ. Егер коронавирус болса үйден шықпай оқшауланып, ары қарай ауруын басқа адамдарға жұқтырмау керек. Сол кезде тоқтайды. Бәріне маска кигізіп жатырмыз. Үш айдың ішінде біздің қоғамда сауатсыз адамдардың көптігіне көзім жетті. Көбі вирус деген не, тұмау деген не, білмейді. Инфекция қалай дамиды, олар туралы хабары жоқ. Жай ғана маска ки, қолыңды сабындап жу, ауырсаң өкпеңнең айрыласың деп айтып жатырмыз. Құлақ асып жатқан адам көрмейсің. Өзінің денсаулығына, балаларына, болашағына селқос қарайтындарды көріп, көңілім қалды. Қазақ тәртіпке бағыну дегенді білмейді. Бірнәрсе айтсаң сенбейміз деп шығады. Қазір айналамда "сенбеймін" деген адамдардың өзі ауырып жатыр. "Ауру айтып келмейді" дейді, ол көзге көрінбейді. Вирус бай, кедей, білімі бар, білімі жоқ дегеніңе қарамайды. Мысалы клетканы микроскоппен көрсең, вирус одан жүз есе кішкентай. Сол себепті, сақтық шараларын істеп жатырмыз. Барлық жерде маска ки десең, кимей қырсығатындар бар. Жай ғана маска тағуға жауапкершілік пен сана-сезім жетпей жатыр, - деді Хайрулла Байділдаұлы.
Зауыттың жанынан 2012 жылы политехникалық колледж ашылған. Ол осы Кентау трансфарматор зауытының (КТЗ) базасында құрылды. 2012 жылы колледждің табалдырығын 107 студент аттаған. Оларды "Техниканы пайдалану, қызмет көрсету және электр және электромеханикалық құрал-жабдықтарды жөндеу", "Электржабдықтар электр станциясы, шағын станция және желі", "Электрожабдық", "Есеп және аудит" мамандықтары бойынша қабылдаған.
Айта кетейін, колледж республикадағы бірінші оқу орны. Немістер өзі таңдап алды. 2019 жылы мамыр айында Германияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі доктор Тило Клинер келген болатын. Сол іссапарда "TUV Rheiland Akademie GmBH" неміс концерні мен Кентау политехникалық колледжі бірлесіп келісім-шартқа отырдық. Осы келісімшарттың нәтижесінде колледж жаңа статусқа ие болып, атауы Қазақ-неміс политехникалық колледжі деп өзгертілді. Жалпы, бизнес болсын, өндіріс болсын оның дамуына әсер ететін ол – мамандар. Мамандардың құзіреттілігі, компетенциясы, дайындығы әлсіз, сапасы төмен болса жұмыс жүрмейді, нәтиже болмайды. Сол үшін біз зауытымызға қажет мамандарды өзіміз оқытып, дайындаймыз, сапасына үнемі назар аударамыз, - деді ол.Сегіз жыл ішінде колледж біраз мамандар даярлап шығарды. Қазіргі таңда оқу орнында 830 студент дуальды жүйемен оқып жатыр яғни 40 пайыз теориялық білім алады, 60 пайызын өндірісте жүріп үйреніп шығады. Алайда, індетке байланысты қазір студенттер үйлерінде екен
2018 жылдан бастап Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің "Инженерия" факультеті Түркістан қаласынан Кентау қаласына көшірілді. Себебі, зауытқа болашақта сапалы мамандар керек. Факультетте 400-ге жуық студент дуальді жүйемен білім алуда. Онда зауыт тарапынан 42 млн теңге тұратын екі арнайы зертхана және құны 10 млн теңге тұратын үлкен LED экран алынған.
Түркістан облысы өз алдына бөлек шыққалы екі жыл болып қалды. Өңірдің перспективасы күннен күнге дами түспек. Түркістан мен Кентау аумағында еркін экономикалық аймақ құрылды. Зауыт қожайының айтуынша, осы экономикалық аймаққа ұсынатын он шақты жобаны дайындап қойған.
Біздің КТЗ компаниясына әлі де 2000-дай білікті маман қажет. Оларды біз шетелден тасымаймыз ғой. Осы өңірден дайындап, жұмысқа алуымыз керек. Сол арқылы экономикаға сүбелі үлес қосамыз деген ойдамын, - деді ол.Зауытта машина жасау, экономика салаларында үлкен жетістіктерге жеткен Ерболсын Жаманқұлов деген жас маман бар. Ол осы кәсіпорынға робот идеясын ойластырып, орнату жұмыстарына ерекше атсалысқан қызметкер әрі "Ең үздік жас маман" иегері. Әділбек Тәжібаев, Асан Тұрар, Ғалымжан Құлақбаев сынды алғыр мамандар да бүгінде кәсіпорынның мақтанышына айналған.
Байқаймын, қазір көп жастар қиялмен өмір сүреді. Ол дұрыс емес. Қиял логикасы жоқ орындалмайтын түсініксіз абстракция. Ал енді армандау бөлек. Арманды мақсатқа айналдырып, мақсаттың жүзеге асуы үшін жоспар құру керек. Жоспарсыз іс –түбі соқпаққа соқтырады. Айтпағым, жастар өз уақытын тиімді пайдалана білгені абзал, - деді зауыт төрағасы Хайрулла Қожабаев.