«Келіссөздерден нақты жобаларға». Қырғызстандық сарапшы ШЫҰ-ның алдағы міндетін атады

Қырғызстандық сарапшының пікірінше, ШЫҰ үшін ендігі басты міндет – келіссөздерден нақты жобаларды жүзеге асыруға көшу.

1 Қыркүйек 2026, 15:27
АВТОР
 Ақорда 1 Қыркүйек 2026, 15:27
1 Қыркүйек 2026, 15:27
188
Фото: Ақорда

Қырғызстандық саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің экс-төрағасы Зайнидин Курманов BAQ.KZ тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, Шанхай ынтымақтастық ұйымының 25 жылдағы трансформациясы, Бішкек саммитінің маңызы және ұйымның алдағы даму бағыты туралы ой бөлісті.

ШЫҰ бастапқыда қандай мақсатпен құрылды?

Зайнидин Курмановтың айтуынша, ШЫҰ тарихын оның алдындағы «Шанхай бестігінен» бөлек қарау керек. 1996 жылы құрылған «Шанхай бестігіне» Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кірді. Оның негізінде шекара маңындағы әскери сенім шаралары мен қарулы күштерді қысқарту туралы 1996 және 1997 жылдардағы келісімдер жатты.

Бұл қырғи-қабақ соғыс аяқталғаннан кейінгі жағдайға нақты жауап болды: бұрынғы кеңес-қытай шекарасы бойындағы әскери тәуекелдерді азайту, өзара сенім қалыптастыру және тұрақты диалог тетігін құру қажет еді, – дейді профессор.

president.kg

Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылғы 15 маусымда Өзбекстанның қосылуымен құрылды. Ұйым қызметінің бастапқы бағыттарының бірі терроризм, сепаратизм және экстремизмге бірлесіп қарсы тұру болды.

Бүгінде ШЫҰ құрамында 10 мемлекет бар. Олар – Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь.

Бүгін алдымызда ауқымы мүлде басқа ұйым тұр. ШЫҰ өзінің бастапқы географиялық шеңберін едәуір кеңейтті. Қазір ол Орталық Азиядан бастап Шығыс және Оңтүстік Азияға, Иран мен Шығыс Еуропаға дейінгі Еуразияның кең аумағын қамтиды, – деді Зайнидин Курманов.

Ұйымның күн тәртібі де кеңейді

Сарапшының пікірінше, ШЫҰ-ның негізгі бағыты бұрынғыдай қауіпсіздік мәселелерімен байланысты болғанымен, бүгінде ұйымның күн тәртібі әлдеқайда кең.

Қауіпсіздік негізгі бағыт болып қала береді. Бірақ қазір ШЫҰ көлік, сауда, инвестиция, энергетика, цифрлық экономика, жасанды интеллект, экология, су ресурстары, білім беру, мәдениет және жастар алмасуы мәселелерімен де айналысады, – деді ол.

Оның айтуынша, ұйымның басты ерекшелігі – түрлі саяси жүйесі, экономикалық моделі, сыртқы саяси мүддесі мен мәдениеті бар мемлекеттердің бір алаңда тұрақты диалог жүргізуі.

ШЫҰ – Еуропалық одақ секілді интеграциялық одақ та, әскери-саяси блок та емес. Оның күшті жағы – саяси жүйелері, экономикалық модельдері, сыртқы саяси мүдделері, тіпті екіжақты қарым-қатынастары әртүрлі мемлекеттер арасында тұрақты диалог жүргізуге мүмкіндік беруі. Қазақстан үшін шешімдердің консенсус, егемендік және ұлттық мүдделерді құрметтеу қағидаттары негізінде қабылданатыны маңызды, – деп атап өтті саясаттанушы.

Сонымен бірге ұйымның ауқымы ұлғайған сайын ортақ шешімдерді іс жүзінде жүзеге асыру да күрделене түсетінін айтты.

ШЫҰ декларациядан нақты жобаларға көше ала ма?

Зайнидин Курмановтың пікірінше, ШЫҰ үшін қазіргі кезеңдегі басты міндеттердің бірі – келіссөздер мен декларациялардан нақты экономикалық жобаларды жүзеге асыруға көшу.

ШЫҰ бүгінде әртүрлі мәселелер бойынша тараптар келіссөз жүргізетін, уағдаласатын декларативті ұйым ретінде көрінеді. Егер Даму қоры мен ШЫҰ банкі құрылса, экономикалық жобаларды жүзеге асыруға негіз қаланады. Бұл – Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізгі күн тәртібіндегі мәселелердің бірі, – деді ол.

Сарапшының айтуынша, ШЫҰ елдері бұл құрылымдарды құру мәселесін 2010 жылдан бері талқылап келеді. Алайда өзара есеп айырысу тетіктері, валюта және басқа да қаржылық-экономикалық мәселелер бойынша ортақ шешімге келу оңай болмай отыр.

Егер бұл екі құрылым – Даму қоры мен банк – Бішкекте шынымен құрылса, ШЫҰ қызметінде шешуші бетбұрыс болады деп айтуға болады, – деді Зайнидин Курманов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ШЫҰ аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі ұйымның көпжақты жобалары емес, мемлекеттердің екіжақты ынтымақтастығы шеңберінде іске асып отыр.

Бішкек саммиті Қазақстан үшін не береді?

Сарапшы Бішкек саммитінің Қазақстан үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

Барлық саммит Қазақстан үшін маңызды. Өйткені Қазақстан мен Қырғызстан – Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушы мемлекеттер, – деді ол.

Курмановтың пікірінше, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының құрылысы Орталық Азия елдері арасындағы көлік байланысын күшейтуі мүмкін.

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан бағытымен өтетін теміржолдан Қазақстан да ұтады. Бұл бағыттан Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа мемлекеттерге қарай қосымша теміржол байланыстары мен тармақтар құру көзделеді. Негізгі міндет – Орталық Азия мемлекеттерінің экономикаларын өзара мүдделердің біртұтас жүйесіне байланыстыру, – деді профессор.

Орталық Азия елдері ортақ ұстаным қалыптастыра ала ма?

Зайнидин Курманов Орталық Азия мемлекеттерінің өңірлік мәселелер бойынша ортақ шешімге келу мүмкіндігі жоғары деп санайды.

Біз бірнеше мыңжылдықтар мен ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келе жатқан туыс халықтардан тұратын өңірміз. Қалай келісімге келе алмаймыз? Әрине, келе аламыз. Бізде барлық жағдай бар: ортақ тіл, ортақ мәдениет, ортақ дін, – деді ол.

Оның айтуынша, бұл әсіресе су шаруашылығы мен энергетика сияқты ортақ мәселелерді шешуде маңызды.

Орталық Азия өңірі су шаруашылығы, энергетика және басқа да көптеген мәселе бойынша ортақ мүддеге сай шешімдер таба алады. Бұл бағытта ұйымның болашағы бар, – деп атап өтті сарапшы.

“Уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр”

Профессордың пікірінше, ШЫҰ үшін ендігі кезеңде келіссөздер жүргізудің өзінен гөрі қабылданған шешімдерді іске асыру маңызды.

Қазір ең бастысы – келіссөздер стратегиясынан жобаларды жүзеге асыру стратегиясына көшу. Еуропалық одақ та ұзақ уақыт бойы келіссөздер жүргізді. Барлық кезеңнен өткеннен кейін нақты жұмысқа кірісті. Біз де осы жолмен келе жатырмыз. Бірақ бұл жолды жылдамырақ өтуге тырысуымыз керек. Өйткені уақыт бізге қарсы жұмыс істеп жатыр, – деді Зайнидин Курманов.

Бұған дейін Қырғызстан астанасы Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталғанын жаздық. Қытайды зерттеу орталығының директоры Гүлнар Шаймергенова BAQ.KZ тілшісіне ұйымның өткені, Қазақстан үшін маңызы және алдағы міндеттері туралы айтып берді. Отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ саммитінде қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін көтерді.

Наверх