- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Келісімсіз қай кезде түсірілім жүргізуге болады: Аида Балаева БАҚ құқықтарын түсіндірді
Келісімсіз қай кезде түсірілім жүргізуге болады: Аида Балаева БАҚ құқықтарын түсіндірді
Журналистер мен блогерлердің түсірілім жүргізуіне қатысты маңызды түсініктеме берілді. Аида Балаева заңда қарастырылған нақты жағдайларды атады.
17 Тамыз 2026, 11:53
Сайлауалды науқан кезінде журналистер, белсенділер мен блогерлердің қызметіне қатысты түрлі сауалдар туындап отыр. Осыған байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистер мен блогерлердің құқықтары мен жауапкершілігіне қатысты түсінік берді.
Министрдің айтуынша, журналистер мен блогерлер заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқылы.
Журналистер мен блогерлерді қандай жағдайда келісімсіз түсіруге болады?
Аида Балаева Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңына сәйкес журналистердің кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнетүсірілім жүргізуге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқығы бар екенін атап өтті.
Сонымен қатар журналистер мен блогерлер адамның келісімінсіз оның бейнесін бірқатар жағдайда түсіре алады.
Олар:
- адам ойын-сауық, мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар, спорттық-бұқаралық іс-шараларға, бейбіт жиналыстарға немесе өзге де көпшілік іс-шараларға қатысса не сол жерде болса;
- таратылатын ақпараттағы адамның бейнесі оның қызметтік және (немесе) қоғамдық қызметіне қатысты болса немесе ол өз бейнесін ашық қолжетімді дереккөзде өзі жарияласа;
- адамның бейнесін пайдалану қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында қажет болған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін.
«Министрлік әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұғаттамайды»
Аида Балаева соңғы уақытта бірқатар БАҚ өкілдерінің, белсенділер мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшалары жаппай бұғатталып жатқаны туралы ақпарат тарағанына да тоқталды.
Оның айтуынша, Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды.
Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес, – деді министр.
Балаева журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіретінін атап өтті.
Оның пікірінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарын қоғам алдында теріс көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар бұл министрліктің сөз бостандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысына кедергі келтіреді.
Сөз бостандығы жауапкершілікті де талап етеді
Министр масс-медиа саласындағы уәкілетті орган ретінде сөз бостандығына кепілдік беретін заңды құқықтардың жүзеге асуына қолдау көрсететінін айтты.
Сонымен бірге журналистер мен блогерлердің тарататын ақпаратының анықтығын міндетті түрде тексеруі маңызды екенін атап өтті.
Сөз бостандығы мен жауапкершілік бір-біріне қайшы ұғымдар емес, – деп жазды Аида Балаева.
Ол әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалардың әкімшіліктерін заңға қайшы контентті дер кезінде анықтап, жою жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Алайда заңсыз материал мен заңды түрде айтылған пікірдің, кәсіби журналистік қызмет пен қоғамдық пікірталастың аражігін нақты ажырату қажет екенін ескертті.
Министрдің айтуынша, заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге әкелмеуге тиіс.
«Заң алдында бәрі тең»
Аида Балаева Қазақстанның жаңа саяси кезеңге қадам басып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа Конституция қабылданып, негізгі мемлекеттік институттарды жаңарту үдерісі басталды. Алда Құрылтайды қалыптастыру міндеті тұр.
Осы кезеңде жаңа саяси және қоғамдық мәдениеттің негізі қалануы керек.
Заң алдында лауазымына, мәртебесіне, кәсібіне, қоғамдағы танымалдығына немесе әлеуметтік желідегі жазылушыларының санына қарамастан бәрі тең, – деді министр.
Оның айтуынша, бұл «Заң мен тәртіп» қағидатының мазмұнын айқындайды. Мемлекет сөз бостандығын, журналистер мен блогерлердің заңды қызметін қамтамасыз етуге және қорғауға міндетті. Ал сөз бостандығы таратылатын ақпарат үшін жауапкершілікті де талап етеді.
Бір адамның құқығы екінші адамның құқығын бұзу есебінен жүзеге аспауға тиіс. Қоғамдағы мәртебе де ешкімге заң талаптарын елемеуге артықшылық бермейді, – деп атап өтті Аида Балаева.
Журналистер мен блогерлерге үндеу
Министр бүгінде «Адал азамат» құндылықтарының маңызы артып келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, бұл өз құқығын ғана емес, қоғам мен мемлекет алдындағы міндетін де түсінетін, заңды құрметтейтін, жауапкершілігі жоғары азаматтың бейнесі.
Осыған байланысты Аида Балаева БАҚ өкілдері мен блогерлерді тарататын ақпаратына жауапкершілікпен қарауға, дереккөздерді мұқият тексеруге және масс-медиа, онлайн-платформалар мен сайлау туралы заңнама талаптарын сақтауға шақырды.
Сөз бостандығы мен жауапкершіліктің үйлесімі азаматтардың құқықтары сенімді қорғалатын, заң бәріне бірдей қолданылатын, ал қоғамдық диалог нақты дерекке, өзара құрмет пен жауапкершілікке негізделетін кемел қоғам қалыптастырады, – деді министр.
Ең оқылған:
- Түнгі клубта өлімші етіп сабап, қашып кеткен: Астанада атышулы іс аяқталды
- Бүгін бес қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі
- Сеутаға жаппай өтпек болған 294 адам ұсталды
- Әр 30 минут сайын Конгода Эболадан бір адам көз жұмады – ДДСҰ
- 16 тамыздағы Астана, Алматы және Шымкент айырбастау орындарындағы валюта бағамдары
Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ