Келімбетов мемлекеттік жоспарлаудың қазіргі жүйесінің басты ерекшеліктерін атады

22 Сәуір 2021, 14:40
1455
Бөлісу:
Келімбетов мемлекеттік жоспарлаудың қазіргі жүйесінің басты ерекшеліктерін атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жарты жыл бұрын құрылған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі мемлекеттік басқару, экономика мен өзге де салаларды реформалау бойынша бірқатар құжат дайындады. Енді іске асырып жатыр.

Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі тапсырмасымен биыл 26 ақпанда Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі қабылданған еді.

Жаңа жүйеге түрлі салаларды дамыту тұжырымдары мен ұлттық жобалар түріндегі жаңа құжаттар кіреді. Сонымен қатар бұрын ресми түрде осы жүйеге кіріп, бірақ мемлекеттік секторда болған кешенді жоспарлар, жол карталары мен бағдарламаларды дайындау процесі де аталған құжат арқылы реттеледі. Яғни, мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі әр саладағы құжаттардың басын бір арнаға тоғыстырмақ.

Екіншіден, осы бағытта алда қабылданатын басқа да құжаттарды регламенттеу де осы бір жүйе арқылы жүзеге асады.

Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі аясындағы құжаттар саны 285-тен 88-ге азайғанын да айта кету керек. Жалпы жаңа жүйе Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының мақсаттарына жету бағытын сақтау мақсатында қолданыстағы құжаттарды реттеумен қатар жаңа құжаттарды да қамтыған. Мұның бәрі «адамға бағытталған», яғни әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін арттыру қағидасы басты ұстаным болып қалмақ,- дейді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов.

Ұлттық жобалар «Қазақстан-2050» стратегиясы, Жалпыұлттық басымдықтар мен Ұлттық даму жоспарының мақсаттары негізінде құрылады.

Барлық 10 жалпыұлттық басымдық үш негізгі санатқа бөлінді. Атап айтқанда, олар: азаматтардың әл-ауқаты, институттар сапасы мен экономика қуаты. Бұл басымдықтар сонымен қатар 2025 жылға дейінгі Қазақстанның Ұлттық даму жоспарының негізіне айналды. Ұлттық жобалар Жалпыұлттық басымдықтар, Ұлттық даму жоспары мен Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өзге де жоғарғы құжаттарының көрсеткіштеріне жету мақсатында дайындалады. Осылайша, мемлекеттік жоспарлаудың қазіргі жүйесінің басты ерекшелігі – оның жоғарғы құжаттарға бағытталуы мен нақты бекітілуі және өзара байланысы, - дейді агенттік басшысы.

Басқаша айтқанда, мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі бүгінге дейінгі жоспарлар мен мақсаттарды бір арнаға жүйелеп, оларды іске асыру жолдарын нақты бекіту деуге болады.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық жобалар күрделі және бірін-бірі қайталамауы қажет екеніне баса назар аударды.

Олар негізгі міндеттерді шешуге бағытталып, күш-жігер мен ресурстар «осында және қазір» қағидаты бойынша жұмылдырылуы тиіс. «Жобаларды іріктеудің нақты әдістемелік базасы болуы керек. Ол қандайда бір ұлттық жобаның кешенді әлеуметтік-экономикалық тиімділігін ескеруі қажет, құжат түсінікті болуы тиіс. Субъективтілікке жол берілмейді, -деді Мемлекет басшысы.

Президент ұлттық жобалар барлық қажетті ресурстармен қамтамасыз етіліп, бюджеттен қаржыландыру кезінде сөзсіз басымдыққа ие болуы тиіс екенін атап өтті.

Айта кетейік, күні кеше Ақордада өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңестің кезекті отырысында Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттіктің төрағасы Қайрат Келімбетов те Мемлекет басшысына есеп берді.

Ал тағы бір агенттік, яғни Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің атқаратын қызметі туралы мына жерден оқи аласыздар.

Өзгелердің жаңалығы