Келесі жылдан бастап суармалы жерлерді қалпына келтіруге қаржы бөлеміз - әкім

18 Қараша 2021, 16:53
834
Бөлісу:
Келесі жылдан бастап суармалы жерлерді қалпына келтіруге қаржы бөлеміз - әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында облыстың алдыңғы қатарлы шаруашылықтарының басшыларымен кездесті.

Аграрлық сектор қызметкерлері үшін биылғы жыл қолайсыз климаттық жағдайда өтті. Осыған қарамастан барлық дала жұмыстары сапалы және оңтайлы мерзімде аяқталды. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының алқаптарын ұлғайту және қарқынды технологияларды қолдану есебінен дәнді дақылдардың сапалы өнімі жиналды. 940 мың тоннадан астам жоғары сапалы астық бастырылып, 278 мың тонна картоп және 55 мың тонна көкөніс жиналды - деді әкім.

Облыс әкімінің сөзіне қарағанда, «Найдоровское» ЖШС-де дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 14,5 центнер болды, бұл орташа облыстық көрсеткіштен 5 центнерге артық. Ал «Шанс» ШҚ картоптың орташа өнімділігі гектарынан 372 центнерді құрады. Облыс бойынша бұл көрсеткіш гектарынан 250 центнерді құрайды. «Поливное» ШҚ көкөністердің өнімділігі гектарынан 400 центнерге жетті (облыс бойынша бұл көрсеткіш 340 ц/га). 

Мал шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Ет пен сүт өндірісі артты. Техника жақсы қарқынмен жаңартылуда. Тек Осакаров ауданында жыл басынан бері 250 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Ауыл шаруашылығына инвестициялар белсенді салынуда, оның негізгі капиталдағы өсімі 130,3% - ды құрады. Жыл басынан бері 303 жұмыс орнының құрылуымен құны 11,1 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба іске асырылды - деді Жеңіс Қасымбек.

Бұл ретте фермерлер мен тауар өндірушілердің өңірдің әлеуметтік бағдарламаларын іске асыруға, Астықтың резервтік қорын, картоп пен көкөністердің Тұрақтандыру қорын қалыптастыруға қатысуы ерекше құрметке лайық. 

Бұл шаралар бізге әлеуметтік нан бағасының көтерілуіне жол бермеуге, сондай-ақ картоп пен көкөніс бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді. Бұл күнде облыста мықты шаруа қожалықтарының пулы қалыптасты. Олардың қатарында бүкіл елге белгілі әулеттер бар. Бұл Прокоп, Төлеуовтар, Нығметовтар, Жабяк, Отарбаевтар және Қаймақовтар әулеттері. Ұрпақтар сабақтастығының осындай жарқын мысалдарының барлығы көңіл қуантады - деді әкім.

Сондай-ақ ол аграршылармен алдағы кезеңге арналған жоспарларды талқылады.

Мемлекеттік қолдау шараларының басым бөлігі қазірдің өзінде көрсетілді. Келесі жылдан бастап кезең-кезеңімен жергілікті бюджеттен жалпы ауданы 10 мың гектардан астам жаңа суармалы жерлерді қалпына келтіру және пайдалануға беру бағдарламасы бойынша ТЭН және ЖСҚ әзірлеуге қаражат бөлетін боламыз. ЖСҚ дайын шаруашылықтарға магистральдық арналар құжаттаманы коммуналдық меншікке өтеусіз берген жағдайда жергілікті бюджет қаражатынан салынады. Сондай-ақ сүт-тауар фермаларын қолдау үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен инвестициялық салымдарды өтеу үлесін 40%-ға дейін арттырамыз - деді әкім.

Өзгелердің жаңалығы