Келесі аптадан бастап Павлодарда шектеу шаралары енгізіледі

4 Қараша 2020, 19:53
1453
Бөлісу:
Келесі аптадан бастап Павлодарда шектеу шаралары енгізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Павлодар облысына барды. 

Жұмыс сапары барысында өңірлік медициналық объектілердің коронавирус инфекциясының болуы мүмкін толқынына дайындығын тексерді

Сондай-ақ вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша кеңес өткізді, жергілікті мемлекеттік органдар мен Полиция департаменті басшылығының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады.

Премьер-Министрдің орынбасары ауылдық жерлерде ПТР лабораторияларының жоқтығын ескере отырып, бұл қызмет түрінің облыс тұрғындарына қолжетімділігін тез арада шешуді тапсырды.

Ералы Тоғжанов қазан айының қорытындысы бойынша өңірде тіркелген СOVID-19 фактілерінің үш есеге өскенін атап көрсетті. Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру қажеттігіне ерекше назар аударды.

Ведомствоаралық комиссияның төрағасы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша облыс әкімдігіне ағымдағы жылдың 9 қарашасынан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдауды, атап айтқанда:

Павлодар қаласының периметрі бойынша блокпосттар орнатуды;

күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блокпосттар орнатуды;

келесі бағыттар бойынша әуе қатынасын қысқартуды: 

Павлодар-Алматы аптасына 10-нан 5 рейске дейін; 

Павлодар-Нұр-Сұлтан 3 рейстен 1 рейске дейін; 

Павлодар-Шымкент аптасына 2-ден 1 рейске дейін;

Павлодар-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7-ден 3 ретке дейін қысқартуды;

жолаушылар теміржол құрамдарының облыс ішінде аялдауына (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда) тыйым салуды;

діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды;

қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын сағат 20.00-ге дейін шектеуді;

офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салуды;

қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді;

65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды;

Демалыс және мереке күндері:

қоғамдық көліктің (трамвайлар, автобустар, маршруттық таксилер) жұмысын тоқтата тұруды;

жабық және ашық азық-түліктік емес және азық-түлік базарларының жұмысын тоқтата тұруды;

моншалардың, сауналардың жұмысын тоқтата тұруды;

қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысын тек тапсырыс берушіге жеткізу форматына көшіруді тапсырды.

Сондай-ақ, өңір басшылығына карантиндік режимді сақтау бойынша мониторингтік топтардың қызметін күшейту, тұрғындар арасында карантиндік режимді мүлтіксіз сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы