Кеден саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр – Тоқаев

1 Ақпан 2022, 16:12
2189
Бөлісу:
Кеден саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр – Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Мемлекет басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесінде айтты. 

Президент салық және кеден саласындағы сыбайлас жемқорлықты жою мәселелеріне арнайы тоқталды.

Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі. Олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар. Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін  жемқорлық әбден жайлағанын  анықтады. Елімізде мұндай 49  бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы