Кеден органдарының қызметкерлері қанша жасында зейнетке шығады?

11 Сәуір 2022, 11:05
4859
Бөлісу:
Кеден органдарының қызметкерлері қанша жасында зейнетке шығады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Парламент Мәжілісі депутаттарының 1991–2012 жылдар кезеңінде кеден органдарында қызмет еткен қызметкерлерді зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты жолдаған депутаттық сауалдарына жауап берді.

Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын (1991 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін) және «Құқық қорғау қызметі туралы» заңын (2011 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін) талдау кеден органдары қызметкерлерінің тиісті өтілі болған жағдайда еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар нормалардың жоқ екенін көрсетті, - делінген Үкімет мүшесінің ресми жауабында.

Тоғжановтың сөзіеше, кеден органдарының лауазымды адамдарына зейнетақы төлемдерін тағайындау Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес жасына байланысты жүзеге асырылды.

Осыған байланысты, кеден органдарын басқа құқық қорғау органдарына ұқсас зейнетақымен қамсыздандыру көзделмеген, - деп айтты ол.

Сонымен қатар депутаттар 1991 жылдан бастап 2012 жылға дейінгі кезеңінде кеден органдарында қызмет атқарған кеден қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасыны Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №129 қаулысының мазмұнын қайта қарауға қатысты да сұрақты көтерген болатын.

2011 жылғы 6 қаңтардағы заңның 3-бабының нормаларына сәйкес зейнетақымен қамсыздандыру және жеңілдікті салық салу кеден органдарының қызметкерлеріне қолданылмайды. Еңбек сіңірген жылдарға зейнетақы төлемдерін тағайындау құқық қорғау органдарына жатады және тек жедел-іздестіру қызметін және анықтауды жүзеге асырған, экономикалық тергеу қызметіне өткен кеден органының қызметкерлеріне ғана қатысты жол беріледі. Жазылғандардың негізінде, жедел-іздестіру қызметін және анықтауды жүзеге асырмаған, экономикалық тергеу қызметіне өтпеген кеден органының қызметкерлеріне қағидаларда айқындалған тәртіппен еңбек сіңірген жылдарын есептеу, сондай-ақ бұрынғы және қазіргі кеден органдарының қызметкерлеріне «құқық қорғау органының қызметкері» мәртебесін қайтару мүмкін болмай отыр, - деп толықтырды Ералы Тоғжанов.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасы 60,5 жасқа дейін өсті. Ал ерлер 63 жасында зейнетке шығады. Сонымен қатар Қазақстанда құқық қорғау органдары саласында 25 жыл қызмет өткергендер зейнетке ерте шыға алады.

Өзгелердің жаңалығы