KEBCO мен Middle Corridor: Қазақстан Ресейге транзиттік тәуелділіктен құтыла ала ма?

7 Маусым 2022, 17:10
4182
Бөлісу:
KEBCO мен Middle Corridor: Қазақстан Ресейге транзиттік тәуелділіктен құтыла ала ма?

Алматы облысы, BAQ.KZ тілшісі. Осы тәуелділікті жартылай қысқартудың өзі үлкен жетістік болар еді. 

Контейнерлі жүк тасымалында біз бұл проблеманы шеше алатын сияқтымыз. Ал мұнай тасымалы бағытында – Ресейге деген тәуелділіктен толық арылу мүмкін емес. Бірақ, бәрібір де, баламалы жол іздеп, жылына 2-3 проценттен болса да басқа бағыттарға ауыстыра беру керек. 

KEBCO мен Middle Corridor: Қазақстан Ресейге транзиттік тәуелділіктен құтыла ала ма?

Экспорттық картадан соғыстың та, санкцияның да иісі шықпай тұрған 2021 жылы тікелей Ресей арқылы бар экспорттық мұнайымыздың 97 пайызын жөнелткенімізді көруге болады. Ұлттық қор мен бюджеттік әлеуметтік трансферттердің тікелей доноры – мұнай саудасында Ресейге басыбайлы байланып отырғанымыз осыдан-ақ белгілі.

Қытайға Атасу-Алашаңқай құбыры арқылы жөнелткеніміз ортақ көлемнің 1 пайызына да жетпейді. Ол 1 миллион тонна мұнайдан да аз. Ақтау порты арқылы танкерлерге 2 миллион тонна ғана тиедік (3 пайыз), Атырау-Самара құбырымен 12 миллион тонна (18%) жөнелттік. Қалған мұнайдың барлығы – 53 миллион тонна немесе жыл бойы экспортталған көлемнің 79 пайызы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жіберілді. Бұл ретте: КҚК-нің өткендегідей кенеттен істен шығуы сияқты Ресейдің бізді қысуы, Батыстың Ресей аумағынан тасымалданатын кез-келген мұнайға қырын қарауы, Қара теңіз маңында соғыс болып, КҚК жұмысының тоқтайтыны сынды нақтыланған 3 болашақ қауіп бар. Осы болашақ қауіптерге біздің дайындығымыз қандай және жалпы дайындық жасап жатырмыз ба?

Қазақстан не істеді?

Middle Corridor

Ең алдымен, Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы мұнай экспортын кеңейту бойынша жан-жақты кездесулер ұйымдастыра бастадық. Транскаспий халықаралық көлік бағыты – Middle Corridor (Орта дәліз) деген атауы бар коммерциалық жоба. Оған Қазақстан Ақтаудағы порттар арқылы шығып жүр. Бізден шығатын мұнай танкерлері Грузияның Қара теңіздегі порттарына жеткізіледі. Қазір осы көлемді еселеп арттыруға арналған ұсынысымызды Грузия тарапы қолдап отыр. Демек, биылдан бастап, Батуми мұнай терминалы арқылы 2 миллион тоннаға жуық мұнай тасуға тиіспіз. Менің ойымша, бұл мұнай экспортындағы Ақтау портының үлесін 3 пайыздан 4 пайызға дейін арттырады. 

Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл

Тағы бір шұғыл қолға алынған мәселе - Атырау-Кеңқияқ-Құмкөл құбырын кеңейту және осы құбыр арқылы жылына 11 миллион тонна мұнайды Қытайға жөнелту. Егер 11 миллион тонна деңгейіне шынымен жететін болса, бұл Атырау-Самараның жылдық көлемі. Демек Атырау-Самара құбыры алып отырған үлесті де алмастыра аламыз деген сөз. Бұл өте жақсы жаңалық.

KEBCO

Ресейге санкциялар пакеті салынғалы бері, Атырау-Самара құбырына қатысты Қазақстан біршама қиындықтарға ұшырап жүр. Және ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының айтарлықтай табыстан айрылуына әкеліп соқты. Компанияның биылғы бірінші тоқсанындағы еркін ақша айналымы 40 миллиард теңгеге минусқа кіріп кеткен. Себебі, құбыр Ресейдікі деп саналғандықтан, оған біз құятын мұнай автоматты түрде Ресейдің Urals сортына жатқызылып, ол нарықта біраз шектеулерге тап болды. Трейдерлер фьючерстерді өткізу үшін Urals-қа үлкен дисконт сұрайды. Оның дисконты эталонды Brent сортына шаққанда 34 долларға дейін жеткен. Бұл дегеніміз, мысалы, Brent баррелі 100 доллар тұрса, Urals мұнайын бар-жоғы 66 долларға өткізе аласыз деген сөз.

Сол себепті, халықаралық трейдер кеңесімен, отандық мұнай компаниялар өз мұнайына KEBCO атты жаңа сауда атауын бекітті. Ол - Kazakhstan Export Blend Crude Oil дегенді білдіреді. Енді KEBCO Urals сорты болып саналмайды және біздегі мұнай саудасына Ресейге салынып жатқан санкциялар кедергі бола алмайды. Дисконтпен емес, жақсы бағамен сатуға мүмкіндік алып отырмыз. Енді Қазақстанның KEBCO, CPC Blend сынды дербес мұнай сорттары бар. Бұл өте керемет жаңалық.

Қайда барсаң да - Қорқыттың көрі

Бірақ, Қазақстан не істесе де, Каспий құбыр консорциумынан кете алмайды. Оның халықаралық статусын - яғни Chevron, Mobil, Shell сынды алпауыттармен Қазақстан және Ресейдің бірлесіп құрған кәсіпорны екенін ескеру керек. Ресей КҚК-ға қожайын емес. Бірақ терминалдар Ресей жерінде тұрғандықтан, солтүстік көршіміздің кез-келген уақытта оның жұмысын тоқтата алатыны қауіпті.

Ал біздің алдағы 3 жылда тек жылына 20 миллион тонна мұнайды тасымалдауға балама таба алатын мүмкіндігіміз бар екенін ескерсек, бәрібір жақын болашақта мұнай экспортымыздың кем дегенде тең жартысы Каспий құбыр консорциумына тәуелді болып қала бермек. Сондықтан, Ресейден ешқайда қашып кете алмаймыз. Біз 2019 жылы – 63,3 млн тонна, 2020 жылы – 59 млн тонна, былтыр – 60,7 млн тонна мұнайымызды (CPC Blend сорты) КҚК арқылы экспорттадық. Биыл одан да көп өткіземіз деген жоспар бар. 

Жалпы, басқа түскен жағырафиялық жағдайдан қаша алмайтынымызды кез-келген адам картаға қарап, өзі түсінетін сияқты. Біздің қолымыздан келетіні, мүмкіндігінше осы тәуелділікті жылына 2-3% болса да, ақырындап азайта беру.

Өзгелердің жаңалығы