Қазалы ауданында мемлекеттік бағдарламалар жемісін беруде

15 Қазан 2020, 11:05
3410
Бөлісу:
Қазалы ауданында мемлекеттік бағдарламалар жемісін беруде

 

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазалы ауданында мемлекеттік бағдарламалар қалай орындалып жатыр? Халықтың әл-ауқаты, кәсіпкерліктің жай-күйі қандай? Осы сауалдар турасында Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаевпен сұхбаттасқан едік.

 

– Мұрат Нәлхожаұлы, экономиканың бірден-бір тірегі – кәсіпкерлік. Осы бағытта аудандағы жұмыстың қарқыны қалай? 

– Қазалы ауданында болып жатқан әрбір жаңалық пен жаңаруға көпшілік куә. Барлық жұмысымыз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға бағытталып жатыр. Биылғы жылдың ерекшелігіне қарамастан ауданда ауқымды жұмыстар атқарылды. Айтатыны жоқ, мемлекет үшін де, халық үшін де қиын уақыт болды. Алайда халықты еңбекпен қамтып, жұмыссыздықтың алдын алу үшін 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы қабылданды. Соның нәтижесінде өзекті мәселелердің түйіні тарқатылып, бірқатар шаруаның шешімі табылды. 

Негізінде, әрбір саланың тынымды тірлігінің арқасында аудан экономикасы тұрақты дамып келеді. Нақты дәлел, 2020 жылға нақтыланған бюджет көлемі 24 млрд 183,2 млн теңгені құрап отыр. Оның ішінде өз кірістеріміз 1,5 млрд теңгеге жетті. Өзіңіз айтқандай, расында, аудан экономикасын арттырудың бірден-бір тірегі – кәсіпкерлік. 8 айда өнеркәсіп кәсіпорындарында 10млрд 44 млн теңгенің өнімі өндірілді. 

Қазалыда 4 550 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 463-і осы жылдың 8 айында тіркелген. Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны да артып, өткен жылмен салыстырғанда 105 пайызды құрады. 

Жыл басынан бері аудан кәсіпкерлерінің 381 жобасы бойынша 1 335,6 млн. теңге несие, грант қаражатын алды. 
Елімізде туризм саласына сүбелі үлес қосып жатқан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойынан 2 кешен мен 2 жанар-жағар май бекеті бұған дейін пайдалануға берілген болатын. 

Биыл осы жолдың бойынан жеке кәсіпкер Б.Ерхатов көп салалы қызмет көрсету кешенін салып жатыр. Жоба толық жүзеге асырылған кезде «Қашқан су» көлінің жағасында демалыс орны жұмыс жасайтын болады. Жоба құны – 350 млн теңге. 

– Асыраушы сала – ауыл шаруашылығында нендей жаңалық бар? 

– Өзіңіз білетіндей, біздің аудан ауыл шаруашылығына бейімделген аймақ. 8 айда салаға тартылған негізгі инвестиция көлемі 831,5 млн теңгені құрады. Жыл басынан бері 6 млрд. 383,4 млн. теңге көлемінде өнім өндіріліп, 718,6 млн. теңге субсидия төленді. 

Биыл 17 675 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Дақылдарды орналастыру барысында әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән беріліп, нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда аталған дақылдар көлемі 452 гектарға артты. 

Мал басында да өсім бар. Мал басының басым бөлігі, яғни 68,3 пайызы жеке тұлғаларда. Ал, 29 пайызы ауылшаруашылық кәсіпорындарында, 2,7 пайызы шаруа қожалықтарының үлесінде. Нақтырақ айтсам, ауданда 34757 бас жылқы, 10985 бас түйе, 441221 бас мүйізді ірі қара, 115894 бас уақ мал бар. 

«Агробизнес 2020» бағдарламасы аясында 8 айда 230 млн. теңге несиеге 1977 бас мал алынды. 

– Өнімдер өндіріліп жатыр дедіңіз, ал экспорттық әлеует қай деңгейде? 

– 8 айда 1740 тонна ақ күріш пен күріш жармасы, 893,6 тонна балық өнімі экспортталды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш еселей түседі деп ойлаймын. 

– Биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылыс жұмыстары жанданғанын білеміз. Қаншама адам екі қолға бір күрек тапты. Қазалы ауданында осы бағытта, әсіресе, инфрақұрылым, баспана құрылысы саласында атқарылған жұмыстарды баяндап берсеңіз? 

– Статистикалық есептерге сәйкес, 2020 жылдың 8 айында негізгі капиталға 5,8 млрд. теңгенің инвестициясы тартылды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 1 млрд. 119 млн. теңгені құрады. 

Жыл көлемінде 2 млрд. 766 млн. теңгеге 15 нысанның құрылысы жүргізілуде. 

Аудан орталығындағы инженерлік-коммуникациялық инфpақұрылымды дамытy кезек күттiрмейтін мәселелердің бiрiне айналып отыр. Себебi, халықтың баспана тұрғызу үшін жер телімін сұрау турасында өтініштері жыл сайын өсiп келедi. Сондықтан, осы мәселелерді шешу мақсатында аyданда 6 қоныстанy аймағы игерiлy үстiнде. Казaлы қаласынан 261 геқтар, Айтеке би кентiнен 460 гeктаp жер учаскелеріне электрмен жабдықтау, ауыз сумен қамту, газ жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде алдағы уақытта екі мыңнан астам жер учаскесі ашылып, тұрғындардың үй салуға мүмкіндігі болады. 

Бүгінгі таңда ауданда тұрғын үйге мұқтаж мыңнан астам адам кезекте тұр. Жыл басынан бері 19,3 мың шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы салынып, 121,5 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін 51 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. 

Өткен жылы 2017 жылы Әйтеке би кентінде 18 пәтерлік 5 тұрғын үй құрылысы аяқталып, 90 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Биыл қалған 1 үйден 18 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 

Мұнан бөлек Әйтеке би кентінен 1 қабатты 4 пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүруде. Оның құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Тұрғын үй пайдалануға берілген кезде 40 отбасы қамтылатын болады. 

Сонымен қатар 2 қабатты 12 пәтерлік 12 жалдамалы тұрғын үй құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттарын әзірледік. Жоба құны 2 млрд. теңге. Қазіргі таңда жобаның құжаттары тиісті ведомствоға тапсырылды. 

Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығынан және Қазалы қаласынан 1 қабатты 20 үй салу үшін жоба алды іздестіру жұмыстары жасалған болатын. Жобаға 14,6 млн теңге қажет. 

Сондай-ақ, биыл абаттандыру жұмыстарына 236,5 млн. теңге бөлініп, Әйтеке би кенті,Қазалы қаласы және Майдакөл,Ү.Түктібаев, Қ.Пірімов, Бірлік ауылдарына абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. 

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету де күн тәртібінен түскен емес. Аудандағы барлық ауылға таза ауыз су жеткізілген. Дегенмен, 3 ауылдасервистік желі тартылмаған болатын. 

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бекарыстан би ауылында жалпы құны 845,8 мың теңгені құрайтын 17 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде ауылға сервистік ауыз су желісін тарту жұмыстары да қаралған. Жанқожа батыр және Майдакөл ауылдарына құрылыс жұмыстарын бастау үшін жергілікті бюджеттен 20 млн теңге қаржы бөлінді. 

Байқожа локалды су құбырын қайта жаңғырту үшін облыстық бюджеттен 35,8 млн теңге бөлініп,жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. 

– Елді мекендерге көгілдір отыр жеткізу, жол салу мәселесі қалай шешілуде? 

– Аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі тұрғын үйлердің 85 пайызы – табиғи газ желісіне қосылған. Қазір аудан орталығына жақын елді мекендерді газдандыруға көңіл бөліп жатырмыз. Биыл «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасымен Ғ.Мұратбаев ауылына газ апаруға 239,5 млн. теңге қаралды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қазалы қаласын газдандыру жұмыстарын бастауға аудандық бюджеттен 3,7 млн теңге бөлініп, сатып алу процедуралары жүруде. Сонымен қатар, Жалаңтөс батыр мен Қашақбай Пірімов ауылдарын газдандыру үшін жоба жасауға 16 млн теңге бөлінді. 

Жасыратыны жоқ, аудандағы ең қиын мәселелердің бірі – жолдың жағдайы. Қазір аудан меншігіндегі автомобиль жолдардың 75 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. 

Осыған байланысты автомобиль жолдарын жөндеуге 6,7 млрд. теңгеге жоба жасап, барлығын қаржыландыруға ұсындық. Осының нәтижесінде биылға аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге 1 млрд 336 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 46,3 шақырым болатын 9 жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Сондай-ақ, ауылішілік жолдар бойынша да жалпы ұзындығы 47,2 шақырым болатын 56 көшені жөндеуге 1 837,2 млн теңге бөлініп, жол тораптарының жағдайы жақсаруда. 

Бір ғана аудан орталығы – Әйтеке би кентінде 30-ға жуық көше жөнделді. Оның 17-сі асфальтталды. Бұлардың арасында тұрғындар тарапынан көптен айтылып келе жатқан Жанқожа батыр көшесі де бар. 

Ал, Қазалы қаласында 4 көше жөнделеді. 

– Коронавирустың бірінші толқыны халыққа ауыр соққы болып тиіп қана емес, медицина саласының әлеуетін де әшкере қылғаны жасырын емес. Елдің бірлігі, ел азаматтарының, дәрігерлердің, мейірбикелердің жанқиярлық қызметінің арқасында осы қиындықты еңсердік. Енді осы денсаулық сақтау саласына қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

– Шынында, биылғы жыл аудан тұрғындары үшін де, медицина қызметкерлері үшін де оңайға соқпай тұр. Әлемді дүрліктірген жұқпалы инфекция біздің жерлестерімізге де зиянын тигізді. Сол сәтте дәрігерлер күндіз-түні науқастардың жанынан табылып, аянбай еңбек етті. Қиын кезде қолынан келген барлық медициналық көмекті көрсетті. 

Ауданда пневмония диагнозы бойынша жалпы 499 адам есепке алынған. Оның 443-і ауруынан жазылып шықты. Біз азаматтардың өмірін және денсаулығын қорғау үшін бар күш-жігерімізді біріктірдік. 

Коронавирус инфекцияның алдын алу, емдеу мақсатында жұқпалы аурулар бөлімінен 35 провизорлық, 20 инфекциялық төсек орны жасақталған. 

Эпидемиологиялық ахуал кезінде бұрынғы туберкулезге қарсы диспансер ғимаратынан 150 инфекциялық төсек орын бейімделді. Аудандық бюджет есебінен және демеушілік жолмен емдеу мекемелеріне барлығы 32 оттегі концентраторы алынып берілді. 

Әлі де болса, бізге 10 дана ИВЛ аппараты мен қажетті қорғаныс құралдары жетіспейді. Бұған байланысты облыстық бюджеттен 797,9 мың теңге бөлу жөнінде ұсыныс берілді. 

Бұдан басқа, биыл көптен бері шешімін таппай келе жатқан Әйтеке би кентіндегі емхана құрылысын қаржыландыруға қол жеткіздік. Нәтижесінде ауысымына 250 келушіге арналған емхана құрылысы басталды. Ол үшін биылоблыстық бюджеттен 505млн. теңге бөлінді. 

Одан бөлек, «Жол картасы» бағдарламасы аясында 71,5 млн теңгеге аудандық емхана мен аудандық ауруханаға қарасты жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Сондай-ақ, 6 дәрігерлік амбулатория мен 7 медициналық пунктке ағымдағы жөндеу жұмыстары істелуде. 

– Ауданның мәдениетінде де оң өзгерістер бар секілді... 

– Ең әуелі мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға күш салу керек деп есептеймін. Биыл осы жұмыстарға 2,8 миллион теңге бөлінді. Қуанышты жаңалықтың бірі, Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталуға жақын. Амандық болса, жыл соңына дейін пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз. 

«Жол картасы» бағдарламасы аясында 3 ауылдық клуб пен Қазалы қаласындағы мәдениет үйі жөндеуден өтті. Ал, Ақсуат ауылында 150 орындық клубтың құрылысы салынып жатыр. Бұл нысан да жыл аяғына дейін аяқталады деген жоспар бар. 

Жыл басынан бері ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығы, Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы сияқты мерейтойлар мен түрлі мерекелерге балйанысты 610 іс-шара ұйымдастырылды. Оның 410-ы қазіргі күннің талабына сәйкес онлайн форматта өткізілді. 

Биылғы жылы аудандық бюджеттен бөлінген 1 млн теңгеге жергілікті санаттағы 4 ескерткішке – Сырлыбай, Келімбет, Найзақұл кесенелері мен Орақ мұнарасына қорғау аймағын, табиғат ландшафты аймақтарын белгілеу мен орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдерге қойып отырған басты талаптарының бірі – күрделі кезеңде халықты жұмыспен қамту. Қазалыда бұл мәселе қалай реттелуде? 

– Былтыр жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған еді. Биыл 8 айда жұмыс іздеуші ретінде 1 975 адам хабарласып, 884 адам жұмысқа орналасты. Ақылы қоғамдық жұмысқа 962 адам, әлеуметтік жұмыс орнына 98 адам, жастар тәжірибесіне 46 адам жіберілді. Есепті кезеңде 1 400 жаңа жұмыс орны ашылды, оның 1 106-сы тұрақты, 294-і уақытша жұмыс орны. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі басты назарда болды. 2020 жылдың 8 айында 42 мүгедек жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, одан 16-сы жұмысқа орналасты. 

2020 жылдың 8 айында жазасын өтеп келгендер мен пробация қызметінің есебінде тұрған 26 адам жұмыс іздеуші ретінде тіркеліп, 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 

Ал 278 отбасының 1592 мүшесіне 65,8 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Тағайындалған отбасы мүшелерінің 2-еуі тұрақты жұмысқа, 23 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілді. 

Елімізде қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың Жол картасы қабылданды. Бұл құжат әлеуметтік маңызға ие, халықты еңбекпен қамтуға, жұмыссыздықтың алдын алуға бағытталған. Ауданда «Жол картасы» бойынша 42 жобаны жүзеге асыруға 3 млрд 11 млн теңге қаралды. Одан 860 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, бүгінгі күнге бұл жоспар 1084 болып, 126 пайызға орындалды. 

Жалпы, Қазалы ауданында атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Алда күтіп тұрған іс те, жұмыс та жетерлік. Уақыт ағымынан, заман көшінен кейіндеп қалмас үшін осы міндеттерді тиянақты жүзеге асыруға бізде барлық мүмкіндік бар. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғастырылатын болады. 

– Коронавирус індетінің салдарынан дүниежүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгерткені белгілі. Еліміздің барлық өңірлерінде оқушыларды сапалы интернетпен және ұялы байланыс желісімен қамтамасыз ету жағы алаңдатып тұр. Бұл жағынан Қазалыда қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

– Елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында 2000-ға жуық ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары басталып кеткен болатын. 

Қазалы ауданы бойынша бағдарлама аясында 2020 жылдың соңына дейін Шәкен, Сарбұлақ, Аранды және Лақалы елді мекенді Kcell және Beeline операторлары арқылы 3G/4G сымсыз технологияларымен және мобильді ұялы байланыс қызметімен қамтамасыз ету жоспарланған. 

Солардың ішінде ауданда алғаш болып Шәкен ауылдық округінің орталығына Beeline операторы арқылы байланыс орнатылып, мобильді интернетке (3G) қол жеткізілді. 

Айта кетейін, жалпы 2020 жылы білім саласының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 260,4 миллион теңге қаралған болатын. «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында білім саласының мекемелерін күрделі және ағымдағы жөндеуге бюджеттен 757,8 миллион теңге бөлінді. 2 мектеп күрделі жөндеуден, 6 мектеп пен 3 балабақша және «Шағала» лагері ағымдағы жөндеуден өткізілді. 

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!


 

Өзгелердің жаңалығы