Қазақстанның онлайн сот процестеріне әлемнің 20 елінің өкілдері қатысты

3 Ақпан 2021, 15:01
1514
Бөлісу:
Қазақстанның онлайн сот процестеріне әлемнің 20 елінің өкілдері қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы Қазақстанның онлайн сот процестеріне қатысушылар әлемнің 20 елінен қосылды, деп хабарлады Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Бұл туралы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров 2020 жылдың қорытындысы бойынша Жоғарғы Сотта онлайн режимде өткен кеңесте мәлімдеді.

Қазақстанның онлайн сот процестеріне әлемнің 20 елінің өкілдері қатысты

Таяу және алыс бірқатар шетелдерде сот процестері ұзақ уақытқа тоқтатылып, соттар жабылды. Қазақстанда онлайн соттар елден тыс жерлерде жүрген адамдарға, соның ішінде инвесторларға да ашық болды. Процестерге әлемнің 20 елінен қатысушылар қосылды, - деді Ахметзакиров.

Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін соттарда күн сайын 4500-ге жуық процесс өтті. Ал соттардың серверлік қуаты күніне тек 800 онлайн процесті жүргізуге мүмкіндік беретін еді. Дереу қосымша 85 сервер орнатылды. Бұрын барлығы 67 сервер болған еді.

Электронды сақтағыштың резервтері көз алдымызда түгесілді. Тек осы себептен соттар алғашқы апталарда өз қызметін тоқтатуға мәжбүр болар еді. Сондықтан тағы 120 террабайт жад сатып алынды, - деді ол.

Департамент басшысының мәліметінше, көптеген судья мен сот қызметкері коронавируспен ауырды. 

Функционалдық міндеттерімізді орындау кезіндегі негізгі мақсатымыз – судьялардың, сот қызметкерлерінің және процеске қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтау болды, - деді Ахметзакиров.

Сот жүйесін цифрландыру өз тиімділігін көрсетті және бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. 

Айталық, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сот отырыстарының 699 азаматтық залы жабдықталды. Ағымдағы жылы 477 қылмыстық және әкімшілік зал үшін жабдықтарды сатып алу жоспарлануда.

Бұған қоса, спикер 2021 жылдың шілдесінен бастап республикада ӘРПК қолданысқа енетінін хабарлады. Кодекс билік органдарымен дау-дамайларды қарау барысында азаматтардың құқықтарын қорғауды сапалық жаңа деңгейге шығаруға бағытталған.

Халықаралық практикада жария-құқықтық дауларды қарау көбінесе дербес сот органдарында жүргізіледі.

Жекелеген соттарды құру моделі өзін-өзі ақтады. Сондықтан бізде жаңа әкімшілік соттар құрылатын болады. Олар әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы істерді қарамайды. Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекс бойынша жұмыс істеп жатқан соттардың атауы 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап өзгереді. Қазіргі таңда Департамент әкімшілік әділет жүйесін енгізу бойынша ауқымды дайындық жұмыстарын жүргізуде. 21 жаңа әкімшілік сот құрылады, олардың 17-сі облыс орталықтарында, қосымша 4-уі Қасқелең, Семей, Жезқазған және Екібастұзда ашылады. Жаңа соттар қолданыстағы штаттық кесте шеңберінде құрылады, - деді Ахметзакиров.

Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту аясында Арыс аудандық, Сәтбаев қалалық және Жамбыл облыстық соттары ғимараттарының құрылысы басталды. 100 сот ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.

Өзгелердің жаңалығы