Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі сенім грамоталарын тапсырды

4 Желтоқсан 2020, 14:32
1691
Бөлісу:
Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі сенім грамоталарын тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке сенім грамоталарын тапсырды. Тапсыру рәсім Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өтті.

Әңгіме барысында Бас хатшы Ұйым күн тәртібінің барлық аспектілері бойынша Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтті. Ол Қазақстанның халықаралық ұйымның айрықша маңызды және сенімді серіктесі, әртүрлі діндер мен мәдениеттерге өзара құрмет дәстүрлерімен танымал көпжақты дипломатияның сенімді жақтаушысы екенін, сондай-ақ тұрақты медиатор және елдер арасындағы көпір екендігін баса айтты.

Еліміздің жаһандық қарусыздану және басқа да салалардағы көшбасшылығы ерекше маңызды болып қала береді, ал Орталық Азиядағы рөлі және БҰҰ құндылықтарына бейілділігі жан-жақты мойындалуда, - деді Антониу Гутерриш.

БҰҰ Бас хатшысы сонымен қатар оның бірнеше рет Қазақстанда болғанын атап өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жылы тілектерін жолдады.

Өз кезегінде Мағжан Ілиясов сұхбаттасушысына Қазақстан басшылығы атынан ізгі тілектерін жеткізіп, әріптестікті одан әрі нығайту аясында БҰҰ-дағы жұмыстың басым бағыттары туралы хабардар етті. Ядролық қаруды жаһандық таратпауды күшейту, халықаралық терроризмге қарсы тұру міндеттері, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясының жалпы саяси дебаттарында айтқан бастамалары, оның ішінде Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру және Даму мақсатында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау атап өтілді. Тұрақты өкіл сонымен бірге Қазақстанның 2020-2021 жылдары теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобында жаһандық төрағалығы шеңберінде топтың мүдделерін белсенді ілгерілетуге ниетті екендігіне сендірді.

БҰҰ Бас хатшысына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы Ұлыбританияда «FIRST» баспасы шығарған Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Руперт Гудманның «Ұлт атасы: Әлем адамы. Көшбасшылық тарихы» кітабы табыс етілді.



Өзгелердің жаңалығы