Қазақстандықтар магистратураға түсу үшін 7 мыңға жуық өтініш берді

24 Қараша 2021, 16:27
810
Бөлісу:
Қазақстандықтар магистратураға түсу үшін 7 мыңға жуық өтініш берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Екінші қабылдау қорытындысы бойынша магистратураға 6 778 өтініш келіп түсті. Докторантурада оқу үшін 700-ден астам өтініш берілді, деп хабарлады БҒМ баспасөз қызметі.



Бұған дейін ҚР БҒМ енді үміткерлер жылына екі рет магистратура мен докторантураға құжаттар тапсыра алады деген шешім қабылдаған болатын. Бұл жаңалықты қандай да бір себептерге байланысты алғашқы қабылдау науқанында өтініш беруге мүмкіндігі болмаған мыңдаған қазақстандық зор қуанышпен қарсы алды. Енді тестілеуді сәтті тапсырған 7 мыңға жуық үміткер жазғы қабылдау қорытындысы бойынша артық қалған гранттарды жеңіп ала алады, – деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.

Айта кетейік, магистратураға кешенді тестілеу және докторантураға түсу емтихандары 2-11 желтоқсан аралығында өткізіледі.

TOEFL ITP тестінің нәтижелерімен докторантураға түсушілер ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуден өтеді. Ол түсу емтиханын тапсырғанға дейін өткізіледі. Тест тапсырмаларының жалпы саны 100 сұрақтан тұрады.

Ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеу «өтті» немесе «өткен жоқ» нысанында бағаланады. «Өтті» бағасын алу үшін кемінде 75 балл жинау керек. Ағылшын тілін білу деңгейін тексеру, кешенді тестілеу және қабылдау емтихандары өңірлік тестілеу орталықтарында жүргізіледі.

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар 2021 жылғы 25 желтоқсанға дейін қабылданады. Бұл ретте магистратураға және докторантураға қысқы қабылдау 2021 жылғы 2-11 желтоқсан аралығында өткізілген тестілеу және түсу емтихандарының нәтижелері бойынша жүзеге асырылатын болады. Магистратура мен докторантураға қабылдау 2021 жылдың 26 желтоқсаны мен 2022 жылдың 10 қаңтары аралығында өтеді.


Өзгелердің жаңалығы