Баланың туылуына және күтіміне байланысты жәрдемақыны кез келген ХҚКО рәсімдей алады

8 Шілде 2021, 16:10
3525
Бөлісу:
Баланың туылуына және күтіміне байланысты жәрдемақыны кез келген ХҚКО рәсімдей алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ басқарма төрағасының орынбасары Біржан Жүнісов айтты.

Оның айтуынша, 2021 жылдың үшінші тоқсанында әлеуметтік төлемдердің үш түрін ресімдеу үшін мемлекеттік қызметтер көрсетудің экстерриториалды қағидаты енгізіледі. Қазақстандықтар тұрақты тіркеу мекенжайына қарамастан, еліміздің кез келген ХҚКО-ға жүгіне алады.

Қазір тұрақты тіркеу жеріне қарасты ХҚКО-ға жүгіну – әлеуметтік төлемдерді ресімдеудің басты талабының бірі.

Мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерісін цифрландыру бағыттарының бірі - аумақтан тыс қағидатты енгізу. Үшінші тоқсанда осы принциптің арқасында қазақстандықтар баланың туылуына және бала күтіміне байланысты жәрдемақыны, жүктілік пен босануға, жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты кірістерін жоғалтқан жағдайда әлеуметтік төлемдер алуға өтініш бере алады. Сондай-ақ бір жасқа толған кезде баланы күтуге байланысты табысы жоғалған жағдайда тіркеу орнына қарамастан, елдің кез келген ХҚКО-ға құжат өткізе алады, - деді ол.

Айтуынша, корпорация жыл соңына қарай біз басқа төлемдер бойынша да экстерриториалды қағидатты енгізуді жоспарлап отыр.

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында «Азаматтарға арналған үкімет» әлеуметтік салада 815 мың мемқызмет көрсетті. Жалпы мемлекеттік корпорация төлемдердің 44 түрі бойынша электрондық іс макеттерін қалыптастырады және міндетті зейнетақы, әлеуметтік және медициналық аударымдар бойынша дербестендірілген есеп жүргізеді.

Корпорацияның мәліметінше, 2021 жылдың 6 айында әлеуметтік төлем алушылардың саны 3,6 млн адамды құрады.

Өзгелердің жаңалығы