Қазақстандық жас теннисшілер Минсктегі турнирде жеңімпаз атанды

20 Наурыз 2021, 15:40
795
Бөлісу:
Қазақстандық жас теннисшілер Минсктегі турнирде жеңімпаз атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық Әмір Омарханов пен Зара Дәркен жұптық сында 13-19 наурыз аралығында Минскіде «Tennis Europe Junior Tour» сериясы бойынша жаөспірімдер арасында өткен халықаралық турнирде табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі. 

Жарысқа Беларусь қана емес, сондай-ақ басқа да көптеген елдерден 14 жас және одан кіші спортшылар қатысты. Ә.Омарханов Беларусь өкілі Руслан Костюкевичпен бірге алғашқы кездесулерінде турнирдің 2-ракеткалары, ресейліктер Егор Горин мен Илья Мальцевті 6:3, 0:6, 10:7 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда армениялық Микаэл Аванесян мен белоруссиялық Станислав Бульбянковты 6:2, 6:2 есебімен ұтты. 

Жартылай финалда Ә.Омарханов пен Р.Костюкевич чехиялық Жозеф Седлар мен ресейлік Максим Власовты жолдан тайдырды – 6:7 (5), 6:2, 10:5. Тек финалда ғана доданың 1-ракеткалары, ресейліктер Тимофей Дерепаско мен Егор Плешивцевке 4:6, 5:7 есебімен есе жіберді.

 Қыздар арасында германиялық Анастасия Нестеровичпен жұп құрған Зара Дәркен де финалға дейін жетті. Қазақстандық-германиялық жұп әуелі украиналық Стефания Пушкарь мен қазақстандық Софья Исакованы жеңді – 6:3, 7:5. Ширек финалда жарыста 4-ракетка болып тіркелген ресейліктер Анастасия Рожкова мен Анна Снегиревадан басым түсті – 6:4, 6:2. 

Жартылай финалда қарсыластары кортқа шықпағандықтан, соңғы сынға жолдама алған З.Дәркен мен А.Нестерович финалда турнирдің 1-ракеткалары, ресейліктер Дарья Бочкова мен Ксения Смирноваға тартысты матчта 5:7, 4:6 есебімен жол берді. Осылайша Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшелері Ә.Омарханов пен З.Дәркен халықаралық турнирде жүлдеге ие болды.

Өзгелердің жаңалығы