Жастар саясаты мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар аяқталды

20 Ақпан 2021, 10:43
1156
Бөлісу:
Жастар саясаты мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар аяқталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 3-19 ақпан аралығында еліміздің жеті өңірінде жастар және отбасы саясаты саласындағы өзекті мәселелер бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілді.

Олар өңірлік және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және жастар және отбасы саясаты саласындағы мақсаттарға қол жеткізу үшін бірыңғай ұстаным қалыптастыру мақсатында ҚР АҚДМ Стратегиялық сессиялары шеңберінде өтті.

Осылайша, бүгінгі таңда ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитеті «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп онлайн-форматта Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарының жұртшылық өкілдерімен семинарлар, диалогтық кездесулер өткізді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, іс-шараларға 500-ден астам жастар ресурстық орталықтарының қызметкерлері, өңірлік жастар ұйымдары мен жастар ісі жөніндегі комитеттердің өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде Жастарды қолдаудың 2025 жылға дейінгі Кешенді жоспарының негізгі бағыттары, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы, «Жастардың даму индексін» әзірлеу және енгізу, сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында әзірленіп жатқан «Тәуелсіздік ұрпақтары» ұлттық жобасы талқыланды.
Қазіргі уақытта жастар және отбасы саясаты саласындағы кең ауқымды мәселелерді қамтитын 60-тан астам ұсыныстар жиналды.

Мысалы, Ақмола облысының ЖРО өкілдері «жастармен жұмыс жөніндегі маман» мәртебесін заңнамалық бекіту мәселесін көтерді.

Атырау облысы жастар ресурстық орталығының қызметкері Сидалиев Қайыржан жастармен жұмыс жасау бойынша кадрларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселесін көтерді, Батыс Қазақстан облысында өңір белсенділері «Жасыл Ел» жобасын орталықтандырып іске асыруды ұсынды. ШҚО Жастар саясаты жөніндегі басқармасының жастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Еркебұлан Балтабеков еліміздің барлық өңірлеріне жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын кеңейтуді ұсынды, бұл оның пікірінше, жастардың тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы, АҚДМ Стратегиялық сессиялары аясында қоғамдық тыңдауларға қатысушылар осындай жүйелі онлайн семинарлар қажет екенін, олардың көмегімен кері байланыс пен әдістемелік көмек алуға болатынын айтты.
Жастар және отбасы саясаты мәселелері бойынша қоғамдық тыңдаулар еліміздің басқа өңірлерінде де өтеді.
Айта кетейік, барлық сындарлы ұсыныстар министрліктің алдағы жұмысы кезінде ескерілетін болады. 

Өзгелердің жаңалығы