Қазақстанда жануарлар мен құстарға 150 млн-нан астам екпе салынады

9 Ақпан 2021, 18:42
2517
Бөлісу:
Қазақстанда жануарлар мен құстарға 150 млн-нан астам екпе салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының алдын алу және диагностикалау жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2021 жылы жануарлар мен құстарды вакциналау бойынша 151 млн-нан астам манипуляция, сондай-ақ 68 млн-нан астам диагностикалық зерттеулер жүргізілетін болады.

Қазақстан аумағын басқа мемлекеттерден жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының таралуынан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау үшін республиканың ветеринариялық қызметі ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып, малды уақтылы диагностикалау және вакциналау жұмыстарын жүргізеді, - делінген АШМ хабарламасында.

Осыған байланысты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті жыл сайынғы иммундық алдын алу іс-шараларын жүргізу үшін сертификатталған ветеринариялық препараттармен қамтамасыз етеді.

Халықаралық Эпизоотиялық бюроның тізіліміне түрлі аурулар мен инфекциялардың 88 түрі енгізілген.

Қазақстандық тізілімде тек 68 түрі тіркелген. Олар біздің елімізде кеңестік кезеңнен бері келе жатыр.

Қазіргі уақытта оның 45 түрі бойынша эпизоотиялық жағдайы тұрақты. Ал 23 түріне диагностика және вакциналау бойынша арнайы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

Оның ішінде жануарлар мен құстарды вакциналау бойынша 151,1 млн манипуляция, сондай-ақ 68,1 млн диагностикалық зерттеулер жүргізу жоспарлануда.

Тиісті жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар жанындағы мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар биыл ақпан-наурыз айларында бастайды.

Өзгелердің жаңалығы