Қазақстанда ұрық жасушалары донорлығын жүргізу шарттары анықталды

20 Желтоқсан 2020, 17:37
3794
Бөлісу:
Қазақстанда ұрық жасушалары донорлығын жүргізу шарттары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 8 желтоқсандағы бұйрығымен жыныстық жасушалар донорлығын жүргізу ережелері мен шарттарын бекітті.

Енді донорлар өздерінің жыныстық жасушаларын (шәует, ооциттер) бедеулік мәселесі бар басқа адамдарға береді және болашақ балаға қатысты ата-ана міндеттерін мойнына алмайды.

Бір донордан 10 баланың туылуы оның жасушаларын пайдалануды тоқтатуға негіз болады.

Айта кету керек, жыныстық жасушалардың, репродуктивті орган тіндерінің донорлығы ерікті негізде жүзеге асырылады. Донорлық ақылы да, ақысыз да, жасырын да және жасырын емес түрде де жүргізіледі.

Егер ұрық жасушаларының доноры некеде болса, онда оның жасушаларын алу және пайдалану үшін ерлі-зайыптылардың екеуінің де жазбаша келісімі қажет. Некеде тұрған және тұрмаған ерлер мен әйелдер бірлесіп өтініш жасаған кезде ер адамның ұрығы криоконсервацияланбайды, - делінген құжатта.

Донорлық жыныстық жасушаларды дайындауды жүргізу кезінде донор мен жыныстық жасушаларды дайындауды жүзеге асыратын медициналық ұйым арасында жазбаша негізде шарт жасалады.

Жыныстық жасушалар мен репродуктивті орган тіндеріне донорлықты жүргізу мынадай шарттар сақталған кезде жүзеге асырылады:

- донор жыныстық жасушалардың, репродуктивті орган тіндерінің донорлығын жүргізуге еркін және саналы түрде жазбаша нысанда хабардар етілген келісімін білдіреді;

- ооцит доноры алдағы операциялық араласуға байланысты оның денсаулығы үшін асқынулар туралы жазбаша нысанда хабардар етіледі;

- донор медициналық-генетикалық тексеруден өтеді және репродуктолог-дәрігердің немесе уроандролог дәрігердің жыныс жасушаларына, репродуктивті орган тіндеріне донорлық жүргізу мүмкіндігі туралы қорытындысы бар болуы керек.

Пайдаланылмаған криоконсервіленген эмбриондар банкте қалған ЭКҰ процедурасының пациенттері эмбриондардың донорлары болып саналады. Пациенттердің жазбаша келісімі бойынша бұл эмбриондар кәдеге жаратылады не медициналық ұйымға өтеусіз беріледі.

Медициналық ұйымға берілген эмбриондар бедеу ерлі-зайыптыларға, сондай-ақ некеде тұрмаған әйелдерге өтеусіз донациялау үшін пайдаланылады.

Айта кетейік, бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң (15 желтоқсан) қолданысқа енгізіледі.

Өзгелердің жаңалығы