Қазақстанда қанша адамның жұмыссыз отырғаны белгілі болды

30 Наурыз 2021, 16:00
1386
Бөлісу:
Қазақстанда қанша адамның жұмыссыз отырғаны белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Қазақстандағы жастар саясаты: өзекті проблемалар мен даму болашағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов жастарды жұмысқа орналастыру бойынша көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау жайында баяндап берді.

Бүгінгі таңда жастардың жұмыс күші шамамен 2,1 млн-ды құраса, олардың 96,2%-ы жұмысқа орналасқан.

Республика бойынша жұмыссыздықтың жалпы деңгейі 4,9% болса, жастар арасындағы жұмыссыздық 3,8%-ды құрайды немесе 80 400 адам қазір жұмыссыз отыр.

2018-2020 жылдардың қорытындысына сәйкес, «Еңбек» бағдарламасы бойынша 25 700 адам оқыды. Оның 17 700-і (69%) жұмысқа орналасты. Биыл техникалық және кәсіптік білім берумен 21 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Одан басқа, жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 12 айға дейін тегін оқу мүмкіндігі берілді, - деді ол.

Бағдарлама аясында 2017-2020 жылдар аралығында қысқа мерзіммен 188 000 адам оқыса, оның ішінде 75 мыңын жастар құрап отыр.

Қазіргі уақытта «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасы іске асырылып жатыр. Жоба шеңберінде жастарды жұмысқа орналастыру, оқыту сапасын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін шешу үшін «Жас маман» және «Жас кәсіпкер» жобалары іске асырылып жатыр. Бұл шаралармен 153,5 мың жас қамтылды. Жастарды кәсіпкерлікке тарту үшін бағдарлама шеңберінде бірнеше шара қарастырылды. Атап айтқанда, «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке тегін оқыту курстары ашылды. Онда бизнес жоспарларды дайындау және бизнес жобаны сүйемелдеу бойынша қолдау көрсетіледі, - деп түсіндірді вице-министр.

Оның сөзінше, былтырдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлік негіздерін 13 мың адам оқыды.

Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға 23 мың теңгеге дейін микрокредит берілді. Одан бөлек, жаңа бизнес идеяларды дамытуға жастарға 200 АЕК (шамамен 600 мың теңге) көлемінде өтеусіз гранттар берілді, - деді ведомство өкілі.

Өзгелердің жаңалығы