Қазақстанда былтыр 769,3 мың тонна арматура өндірілді

20 Ақпан 2021, 12:24
1252
Бөлісу:
Қазақстанда былтыр 769,3 мың тонна арматура өндірілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылы Қазақстанда 769,3 мың тонна арматуралық өнім өндірілді. Отандық құрылыс индустриясын дамыту үшін ішкі нарыққа 574,1 мың тонна арматура жөнелтілді. Бір тоннасы орташа алғанда 311,4 мың теңгеден сатылды, деп хабарлады ҚР ИИДМ  баспасөз қызметі.

Құрылыс арматурасын елімізде бес компания өндіреді. Жобалық қуаты жылына 1,42 млн тоннаны құрайды. 

Олардың ішінде еліміздегі ең ірі металлургиялық кәсіпорын - "АрселорМиттал Теміртау "АҚ, ұсақ сұрыпты прокат шығаратын "ЕвразКаспиан Сталь" ЖШС зауыты, "Кастинг" ЖШС көп салалы кәсіпорны, мұнай-газ саласына арналған жіксіз болат құбырлар шығаратын алғашқы отандық кәсіпорын  - "KSP Steel "ЖШС және қара металдан жасалған бұйымдар шығаратын  "FerrumVtor" ЖШС компаниясы,-делінген хабарламада.

Сонымен қатар Қазақстан көрші мемлекеттерден 550,6 мың тонна арматуралық өнім импорттады. Жеткізу қашықтығына, арматураның түрі мен сыныбына байланысты Ресейден әкелінетін өнімнің бағасы 1 тоннасына 320 мыңнан 380 мың теңгеге дейін (Нұр-Сұлтан 320 - 340 мың тг/тн, Алматы 340 - 350 мың тг/тн және Шымкент - 350 - 380 мың тг/тн) құрайды. Бағаға қатысты жүргізілген салыстырмалы талдау көрсеткендей, Ресейден импортталатын арматуралық өнім отандық өнімге қарағанда 3-18%  қымбат. Бағадағы айырмашылық орташа есеппен 1 тоннасына 9 мыңнан 69 мың теңгеге дейінгі аралықта құрады.

 ҚР Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша 2020 жылы арматура экспорты 195,2 мың тоннаны құрады. Өз елімізде өндірілген арматуралық өнімді және импортты қоса алғанда, жалпы ішкі тұтыну көлемі 1,12 млн. тоннаны құрады.

Биыл Тараз және Шымкент қалаларында жалпы қуаты жылына 280 мың тонна болатын ("Тараз арматуралық зауыты" ЖШС, "SinuanSteel" ЖШС) екі жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Өзгелердің жаңалығы