Қазақстанда алғаш рет шаруалар құрылтайы өтті

18 Қараша 2021, 16:18
3035
Бөлісу:
Қазақстанда алғаш рет шаруалар құрылтайы өтті
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Shopan ata» Ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақ шаруаларының тұңғыш құрылтайы өтті.

Шараның мақсаты – Қазақстандағы шаруа қауымның басын біріктіріп, олардың күнделікті бетпе-бет келіп жатқан түрлі мәселелерін өз ауыздарынан есту, ортаға салынатын мәселелердің шешімін табуға жағдай жасау.

Құрылтайға барлық өңірден 200-ден астам адам тіркеліп, қатысты. Олардың ішінде шаруалар, еңбек ерлері, депутаттар мен танымал қоғам өкілдері, зиялы қауым, партия өкілдері, журналистер мен блогерлер бар.

Қазақстанда алғаш рет шаруалар құрылтайы өтті

Бұл қазақ шаруаларының алғашқы құрылтайы. Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет өтіп жатыр. Мал қайырып, егін егіп жүрген нағыз шаруалардың өздері айтып, өзара талқылап, бір ортаға жиналуының өзі – үлкен іс. Қазір шаруаларға бірлік керек. Ауыл шаруашылық мәселесін шешуге атсалыса алады деген ел азаматтарына, үкіметке, тиісті мемлекеттік мекемелерге осы құрылтайда айтылған әр мәселені жеткізіп, құжат түрінде береміз, - дейді қауымдастық төрағасы Алмасбек Садырбаев.

Құрылтайдың түске дейінгі бөлімінде Қазақстанның әр өңірінен келген делегаттар өз мәселелерін ортаға салды. Құрылтайды алғаш болып сөз алған спикерлердің бірі маңғыстаулық Әділбек Сағындықов.

Қазақстан халқы Маңғыстау өңірі тек мұнаймен өмір сүреді деп ойлайды. Бұл пікір – қате. Маңғыстаудың 50%-ға жуық халқы мал ұстайды. Осы уақытқа дейін біз малымызды қораға жем-шөп жинап жан бағып келдік. Бірақ енді біздің өңірде төтенше жағдай жарияланбаса, Маңғыстауда тірі тұяқ қалмайды. Біз қыстан шыға алмаймыз – деген ол өңірдегі шаруалардың үнін жеткізді.

Қазақстанда алғаш рет шаруалар құрылтайы өтті

Сондай-ақ, Cағындықов өз сөзінде Маңғыстауда жұттан қырылған мал санын кемітіп көрсетіп отыр дейді.

Жақында ғана БАҚ арқылы таралған, үкімет өкілдері айтып отырған өлген мал саны туралы дерек – жалған. Қазір бәріміз әлеуметтік желіде чаттарды пайдаланамыз. Осы құрылтай алдында сол чаттар арқылы алған деректерім бар. Сол бойынша, яғни тек сол чаттарда отырған маңғыстаулық ағайынның 3414 бас малы қырылған. Оның ішінде 1420 бас жылқы, 141 бас сиыр, 1705 бас қой бар және қалғаны түйе – деді ол.

Спикерлердің бірі Жаңаөзеннен келген «Көркем әлем» компаниясының басшысы Темір Лесовтың айтуынша мал шаруашылығына бөлінген қаражаттың жер-жерге дұрыс жеткізілмеуінің себебі – Заңнамадан екенін айтты.

Қазақстанда алғаш рет шаруалар құрылтайы өтті

Біз қателікті содан көріп отырмыз. Өйткені субсидияның көбі сиыр малына беріледі. Маңғыстауда сиыр өспейді. Біздің өңірде 16000 ғана сауын сиыры бар, өйткені біз сиыр баға алмаймыз. Жылқы мен түйе бағамыз. Субсидияны жылқы мен түйеге берсін, етке берсін. Осыған байланысты ұсынысымыз да бар. Үкіметке жіберуге дайынбыз – деді шаруа.

Жылқы шаруашылығын дамыту бойынша сөз алған Мадияр Аймырзаұлы «Shopan ata» қауымдастығының құрамына қосылып, жылқы шаруашылығы мәселесін көтеріп, оның нәтижесіне жеткісі келетіндіктерін айтты.

Ал жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин біршама мәселеге тоқталды.

Осы құрылтайда айтылған мәселелер бойынша жұмыс істейміз. Тиісті, жауапты мекемелерге жеткіземіз. Шаруалардың атынан ұсыныс беріңіздер. Ұсыныстарды қажет болса, комиссия құрып дәлелдеп, жұмыстанамыз – деді ол.

Атырау облысынан келген шаруалар облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке бұған дейін айтылған ауылшаруашылық мәселелерін шешіп беруін сұрайтынын жеткізді. Оның ішінде ауыз су мәселесі өте күрделі екенін баса айтты.

Қазақстанда алғаш рет шаруалар құрылтайы өтті

Түркістан облысынан келген спикер Ержан Жұрқабаев Түркістан облысындағы субсидия дауы туралы айтып, министр бекіткен құжаттардың облыс аумағында тиісті деңгейде жүзеге аспайтынын жеткізді. Жұрқабаевтың айтуынша Жетісай, Мақтаарал сынды өңірде жайылым жерлері жоқ. Олар Шардара орман шаруашылығы аймағындағы жерді жалға алып, мал бағуға мәжбүр.

Шаруалардың заңнамасын қабылдауға шаруалар қатысуы керек. Ешқашан шаруашылық жүргізіп көрмеген адам, заң қабылдамасын. Шаруалар ұсыныстарын беріп жатыр. Әр өңір өз бағдарламасын өңірдің мүмкіншілігі, менталитет, табиғат жағдайы ескеріп дайындау керек - деді Ақтөбеден келген кәсіпкер Марлен Баймағамбетов.

Қазақстанда алғаш рет шаруалар құрылтайы өтті

Шараның түстен кейінгі сессиясында майлы дақылдарды өңдеу, жүн өңдеу және астық өңдеу мәселесі талқыланатын болады. Одан бөлек ауылшаруашылығын қаржыландыру және несие пролонгациясы бойынша да спикерлер сөз алады.

Аталмыш шара бұдан былай жыл сайын қазақ шаруаларының бірігіп жұмыстануы үшін, өзекті дүниелерді талқыға салу үшін дәстүрлі түрде өтеді.

Қазақстанда алғаш рет шаруалар құрылтайы өтті

Өзгелердің жаңалығы