Қазақстан трансшекаралық хаб құруды қолға алды

10 Маусым 2021, 18:22
5423
Бөлісу:
Қазақстан трансшекаралық хаб құруды қолға алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Шетелдік инвесторлар кеңісінің отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов айтты. 

Оның айтуынша, логистикадағы проблемалар өткен жылы тауар экспортына айтарлықтай кері әсерін тигізді. 

Наурыз айында экспорттың сәл болса да өсуі тіркелген кезде сәуірде оның 10,6%-ға төмендегенін байқадық. Сол кезде шекараларға да шектеу шаралары енгізіле бастады, - деді Сұлтанов.

Оның айтуынша, өнім құнының 30%-ын құрайтын логистика оның әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. 

Отандық өндірушілерді қолдау үшін 2019 жылы өңделген тауар экспорттаушыларының зауыттан иморттаушыға дейінгі тасымалға кеткен шығындарын өтеу механизмі енгізілген болатын. Қолдаудың арқасында 300 кәсіпорын өз өнімдерін айтарлықтай қашыққа жеткізе алды. Негізгі экспорттық өнімдерді тасымалдаудың тиімділігін арттыру үшін Еуразиялық тауар өткізуші жүйе мен трансшекаралық хабтар құру бойынша жұмыстар қолға алынды, - деді ол.

Оның айтуынша, заманауи трансшекаралық сауда-логистикалық инфрақұрылымның негізгі нүктесі Қытаймен шекарадағы Қорғас пен қазақ-өзбек шекарасындағы Халықаралық сауда және экономикалық әріптестік орталығы болады. 

Осындай орталықтар Қырғызстан мен Ресей шекараларында да құрылатын болады. Осылайша, Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік шеңберінің тауарлар тасымалы Қазақстан шекарасынан өтетін халықаралық дәліз арқылы жүзеге асырылады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы