Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

10 Желтоқсан 2021, 17:50
1079
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) биылғы қорытынды отырысы бейнебайланыс режимінде өтті.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Жиын барысында Жоғары кеңестің Құрметті төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин және ЖЕЭК-ке бақылаушы мемлекеттердің басшылары ретінде Куба Президенті Диас-Канель Бермудес пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович  сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты ашып, оған модератор болды. Мемлекет басшысы сыртқы факторлар мен карантиндік шектеулерге қарамастан, Одақ аясындағы макроэкономикалық көрсеткіштердің өсім қарқынына көңілі толатынын атап өтті.

Биылғы 9 айдың ішіндегі өзара сауда-саттық көлемі 32,5 пайызға артып, 52 миллиард долларға жетті. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 16,5 пайызға жоғары. Одаққа мүше елдер арасындағы экспорт көлемі ұлғайды. Мысалы, Қазақстан экспортының өсім көлемі 39 пайыз болды. Салыстырмалы түрде алғанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа да елдердегі экспорт көлемі артқан, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Одақтың төрағалығына кіріскен кездегі бірлескен жұмыстардың бес бағытына, атап айтқанда, өнеркәсіптік кооперацияны күшейту, өзара саудадағы кедергілерді жою, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту, цифрландыру, сондай-ақ үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне тоқталды.
Мұның бәрі бір күндік жұмыс емес екенін түсінеміз. Дегенмен, қазірдің өзінде олардың кейбірі табысты жүзеге асырылып жатыр, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған бірлескен жұмыстардың нәтижелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкіметтері мен Еуразиялық экономикалық комиссияның атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді.   

Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлер жағдайында назар аударуды қажет ететін бірқатар ұсыныс айтты.

Атап айтқанда, Президент цифрлық өнім мен электронды қызмет көрсетуге деген сұраныстың зор екенін атап өтті. Оның пікірінше, қазірдің өзінде әлемдік машина жасау нарығында микрочиптер мен компьютерлік құралдардың тапшылығына қатысты жүйенің жиі істен шығу деректері байқалады. 

Осыған байланысты үкіметтерімізге ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып, машина жасау саласы үшін микрочиптер мен компьютерлік құралдар шығару жөніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсыру ұсынылады. Кәсіпорындарымыздың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістік база құру қажет, ал содан кейін экспортты жолға қоюға болады, – деді Қазақстан Президенті.

Өзгелердің жаңалығы