Қазақстан Мексикадағы әйелдер құқығын қорғау жөніндегі Жаһандық форумға қатысты

30 Наурыз 2021, 18:45
1036
Бөлісу:
Қазақстан Мексикадағы әйелдер құқығын қорғау жөніндегі Жаһандық форумға қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мексика астанасында 29 наурызда онлайн форматта «Тең құқылы ұрпақ: әйелдер құқығы мен тең құқылы болашақты қорғау» Жаһандық форумы басталды. 

Форумның басты күн тәртібі - бүкіл әлемде гендерлік теңдік және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері.
Форум әйелдер жағдайы жөніндегі дүниежүзілік конференцияның 25 жылдық қорытындысын шығаруға және Пекин декларациясы мен іс-қимыл платформасын қабылдауға арналған алғашқы ауқымды іс-шара болып табылады. Оған үкіметтер, парламентшілер, азаматтық қоғам, кәсіподақтар мен БАҚ қатысуда.

Іс-шара Мексика мен Франция үкіметтерінің бастамасымен «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен өткізілуде. Орталық Азия өңірінен тек Қазақстан ғана қатысуға өтінім берді. Біздің еліміз Экономикалық әділеттілік пен зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл коалицияларының жұмысына қатысады. 

Қазақстандық делегацияны ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова басқарды.

Өз сөзінде ол Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша елімізде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия сынды институционалдық механизм құрылғанын атап өтті. Комиссия елдегі әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге байланысты кең ауқымды мәселелерді шешуге жәрдемдесуге арналған.

Бүгінгі таңда Ұлттық комиссияның жоғары мәртебесі оған биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтарының, сондай-ақ азаматтық қоғамның тиімді әріптестік тетіктерін құру мен қамтамасыз етуде кең өкілеттіктер береді. Жоғары және жергілікті өкілді органдарда әйелдердің үлесін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар, еліміздің барлық өңірлерінде әйелдерді қолдау жөніндегі бағдарламалар, сондай-ақ отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру Қазақстанның гендерлік даму индексінде жоғары позицияға ие болуына мүмкіндік берді, - деп мәлімдеді Лаззат Рамазанова. 

Қазақстандық делегацияның басшысы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері еліміздің ішкі күн тәртібінде ғана емес, халықаралық деңгейде де өзекті болып табылатынын атап өтті. Лаззат Рамазанова форумға қатысушыларды Қазақстанда құрылып жатқан әйелдер мен ерлер құқықтарының теңдігі саласындағы білім орталығы базасында ынтымақтастыққа шақырды. Сонымен қатар ол Форум бүкіл әлемдегі гендерлік прогрестің катализаторы болады деген үмітін білдірді.

Айта кетейік, Форум Мехикода 29-31 наурыз аралығында өтеді және өз жұмысын жазда Парижде аяқтайды. Іс-шара аясында 2025 жылға дейінгі көпжақты әріптестік бағдарламаларын бастау рәсімі өткізіледі. 

Өзгелердің жаңалығы