Қазақстандағы ірі қараның тірідей шетке сатылуы алаңдатады – "Ауыл" партиясы

27 Қараша 2019, 11:39
1911
Бөлісу:
Қазақстандағы ірі қараның тірідей шетке сатылуы алаңдатады – "Ауыл"  партиясы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемі жыл сайын артып келеді. Тек 2018 жылы ауыл шаруашылығына 454 млрд теңге бағытталған. Ал 2019 жылы агроөндірістік кешенді дамытуға 507 млрд теңге жұмсау көзделіп отыр. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде өсімдік шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 3,2%-ға өсіп, 2,4 трлн теңгені құрады.

Биыл жиналған астық көлемінің аздығын ескере отырып, жергілікті жерлердегі шаруалардың өздерінің тиесілі қаржыларын алуына, сауда орындарындағы нан бағасының қымбаттап кетпеуіне қатысты мәселелерді өңірлік ұйымдар жіті қадағалап отырулары керек. 
Осыған қатысты қандай да болмасын проблемаларды, халықтың жағдайына қатысты түйіткілді мәселелерді партия ұйымдары, депутаттары тиісті деңгейде төтесінен қоюдан қашпауымыз керек, - дейді Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан "Ауыл" партиясының кезекті съезінде партия басшысы Әли Бектаев. 
2018 жылдың екінші жарты жылдығынан бастап, ет бағытындағы мал шаруашылығына қатысты бағдарламаларды жүзеге асыру қолға алынды. Оның негізі – шағын және орта шаруашылықтар.
Нәтижесінде ет экспорты 18,7 мың тоннаға жетті. Оның ішінде ірі қара етінің көлемі - 4,7 мың тонна. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 еседен артық. Бірақ, мал басының тірідей шетел асып жатқандығы келеңсіз жағдай екендігі рас. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан тыс жерге 88 мыңға жуық мал сатылса, тек биылғы тоғыз айдың өзінде 333 мыңнан астам мал шығарылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 есе көп. Сатылған ірі қараның саны 2 есе, ал уақ малдың саны 7 есеге өскен. Сыртқа сатылған мал басының 80%-ын Өзбекстан Республикасының азаматтары сатып алған. Олар Қазақстанның шекара аумағында орналасқан Түркістан, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Алматы, Жамбыл облыстарынан да малдың сапалы бөлігін іріктеп алуда, - дейді ол. 

Оның айтуынша, ең сорақысы шетке сатылған малдың 50%-ға жуығы репродуктивті аналық бастар, яғни көршілес мемлекеттер Қазақстанның малдарын етке ғана емес, өз малдарының сапасын жақсартуға және мал басын көбейту үшін де сатып алып отыр. 
Біздің депутаттық сауалымыздан соң Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы және қаржы министрлігінің бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағынан ірі қара мал және ұсақ мүйізді малдың аналық бастарын және төлдерін (ұрғашысын) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынды, - дейді Әли Бектаев.
"Ауыл" партиясы "Азық-түліктегі ГМО-ға қарсы" атты тағы бір саяси бастамасын жариялағаны туралы осыған дейін хабарлағанбыз. Сондай-ақ, партия еңбек адамының беделін көтеретін жаңа бағдарлама ұсынды.





Өзгелердің жаңалығы