Қазақстан ғалымы Эльбрус тауына жасалған халықаралық экспедицияға қатысты

12 Қазан 2021, 15:15
32351
Бөлісу:
Қазақстан ғалымы Эльбрус тауына жасалған халықаралық экспедицияға қатысты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылдың 29 қыркүйегінен 10 қазанына дейін бірнеше елдің, соның ішінде Қазақстанның ғалымдары Эльбрус тауына экспедицияға барды.

Экспедицияның мақсаты – таудың оңтүстік беткейлерінің негізгі объектілеріне кешенді экологиялық зерттеу жүргізу.

Біздің елдің атынан «QazaqGeography» РҚБ қызметкері, ғалым, геоэколог Аида Табелинова қатысты. Аида – ландшафттану, география және ГАЖ-картографиялау саласының маманы. Оның экспедициядағы басты міндеттерінің бірі – ұлттық парктің ландшафтық ерекшеліктерін зерттеу, сондай-ақ рекреациялық сыйымдылықты азайту мақсатында аумақтарды ландшафтық жоспарлау жөніндегі бағдарламаны жасау. Рекреациялық сыйымдылық – бұл демалыс орнында бір уақытта бола алатын, табиғаттың тұрақты жайын бұзбайтын рекреант, көлік саны.

эльбрус1.jpeg

Экспедиция кезінде бір топ ғалым Приэльбрусье ұлттық паркінің экологиялық соқпақтарын зерттеп, оның сапасын анықтау үшін су сынамалары алынды, сондай-ақ геоэкологиялық карталар жасалды. Мұндай тәжірибе еліміздегі ұлттық парктерді зерттеу үшін де пайдалы болатыны сөзсіз.

эльбрус4.jpeg

Аида Табелинованың айтуынша, Қазақстанда және басқа посткеңестік елдерде экотуризмді дамыту, онымен бірге жүретін рекреациялық жүктеме мәселесі әлі күнге дейін өзекті болып қала береді. Өкінішке қарай, жүктемені мүмкіндігінше дәл анықтайтын бірыңғай, жалпы қабылданған есептеу әдісі жоқ. Ал есептен қателессек, ландшафт пен экологияға зиян тигізуіміз мүмкін. Алайда Орыс Географиялық қоғамының Қорық мектебі аясында жүргізілген зерттеулердің арқасында ғалымдар өз ұсыныстарын беруге дайын.

Бүгінде «QazaqGeography» «Шарын», «Алтын Емел» ұлттық парктерінде экологиялық туризмді дамытумен айналысады. Сондықтан Приэльбрусьеде алған тәжірибеміз еліміздегі ұлттық парктерде осындай жобаларды зерттеу үшін негіз болады. Сонымен қатар бұл қоршаған ортаға зиян келтірместен экотуризмді танымал етуге көмектеседі, – дейді Аида Табелинова.

эльбрус2.jpeg

Ал экспедицияның ғылыми кеңесшісі, М. В. Ломоносов атындағы ММУ География факультетінің аға ғылыми қызметкері Алексей Маслаков 10 күндік экспедиция нәтижесінде 40 литрден астам табиғи су үлгілері жиналып, ұлттық парк аумағы бойынша 12 маршрут орындалғанын айтты.

Зерттеу барысында Эльбрустың оңтүстік беткейіндегі қар мен мұздықтардың кешенді әсері, туристік инфрақұрылымнан ластанған негізгі орталықтар, ұлттық паркті ландшафтық аймақтарға бөлу мәселелері анықталды. Сонымен қатар Эльбрус аймағындағы табиғи-аумақтық кешендердің экологиялық сыйымдылығына алдын ала бағалау жүргізілді, – деп айтты Алексей Маслаков.

эльбрус3.jpeg

ОГҚ Қорық мектебінің жұмысы кезінде алынған нәтижелер жыл соңына дейін Ресейдің Табиғи ресурстар және экология министрлігіне ұсынылуы керек есепке енгізіліп қана қоймайды, сонымен қатар Ресей Географиялық қоғамының «Geography Environment Sustainability» журналында да жарияланады.



Өзгелердің жаңалығы