Қазақстан БҰҰ-ның жауапты әрі беделді мүшесі болып қала береді - Мұхтар Тілеуберді

24 Қазан 2020, 22:05
1373
Бөлісу:
Қазақстан БҰҰ-ның жауапты әрі беделді мүшесі болып қала береді - Мұхтар Тілеуберді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ-ның 75-жылдық мерейтойына арналған жиынға бейнеконференция арқылы қатысып, халықаралық ұйым күнімен құттықтады, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі. 

Біріккен Ұлттар Ұйымы – дүниежүзіндегі барша адамзаттың мұң-мұқтажын қорғайтын баламасы жоқ, бірегей әрі әмбебап ұйым. Ұйымның 75 жылдығы – бүкіл әлемдік қауымдастық үшін маңызды оқиға. Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындысы бойынша халықаралық қауымдастықтың мүшелері халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, экономикалық және әлеуметтік прогреске жәрдемдесу үшін келісімге келді және Ұйым Жарғысын қабылдады. Соның арқасында белсенді әрі ауқымды халықаралық ынтымақтастық дәуірі орнықты. Қазақстан Республикасы – Біріккен Ұлттар Ұйымының үш негізгі саласына: қауіпсіздік, орнықты даму және адам құқықтарына сүбелі үлес қосып келе жатқан мемлекет, - деді министр құттықтау сөзінде. 
Сонымен қатар ол егеменді ел ретінде Қазақстан бұл құндылықтарды алғашқы қадамдарынан бастап қолдағанын баса айтты. 
Адамзат мұңын түсініп, өз мемлекетінің мүддесін ғаламдық мүддемен үйлестірген, Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың жауапты және беделді мүшесі болып қала береді. Тәуелсіздігімізге қол жеткізген кезден бастап, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген бейбіт бастамалары Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары мінбесінен жарияланды. Олардың арасында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарлама және 29 тамыз – Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні сияқты бастамаларды атап өткім келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы жоғары лауазымды тұлғасы ретінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту бойынша басталған істі жалғастырды. Біріккен Ұлттар Ұйымы алаңында бірнеше рет сөйлеген сөздерінде ол бірқатар бастамаларын жария етті, - деді Мұхтар Тілеуберді. 
Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына орай БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке құттықтау жеделхатын жолдады.



Өзгелердің жаңалығы