Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақ радиосы эфирінен жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының аудионұсқасы беріледі.
Әйгілі «Көшпенділер» туындысы - кеңестің кезеңде ұлттых тарихымыз туралы жазылған алғашқы көлемді шығармалардың бірі. Қазақ хандығының құрылымы мен саяси өміріне негізделіп жазылған тарихи эпопеяның аудионұсқасын әуе толқынынан беру бастамасын Қазақ радиосы мен Ұлттық аударма бюросы бірлесіп жүзеге асырған. «Көшпенділер» романын Қазақ радиосының ардагер дикторы Бүркіт Бекмағамбетов дыбыстап шыққан.
Бұл туралы «Қазақ радиолары» ЖШС бас редакторы – «Қазақ радиосы» радиоарнасының директоры Дулат Абибуллаев хабарлады.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның бастау бұлағы – 550 жылдан астам тарихы бар Қазақ Хандығы екені белгілі. Тарих тереңіне үңіле отырып, біз тәуелсіздіктің оңай келмегенін түсінеміз. Міне, осы егемендікті, ел мен жерді бізге аман жеткізген хандар мен баһадүр батырлардың ерлігі жүйелеп жазылған «Көшпенділер» тарихи трилогиясын тәуелсіздік тойы қарсаңында тікелей толқыннан шығады. Аудио кітап форматындағы «Көкжиек» хабары 18 қыркүйектен басталып, жыл соңына дейін күнделікті эфирге шығады. Жобаға Ұлттық аударма бюросы қолдау көрсетті,- деп жазды Дулат Абибуллаев.
Соңғы екі жылда Қазақ радиосынан Тахауи Ахтановтың «Боран», Хамза Есенжановтың «Ақжайық»; жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романдары мен Президент оқуға ұсынған кітаптар тізіміндегі Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақ білек»; Әбіш Кекілбаевтың «Үркер»; Қалихан Ысқақтың «Қоңыр күз еді»; Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері»; Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа»; Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ»; Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты»; Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» еңбектері мен Т. Әлімқұловтің әңгімелері аудиокітап форматында әуе толқынынан берілген.
Айта кету керек, Ілияс Есенберлиннің әуе толқынына шығатын «Көшпенділер» трилогиясына жазушының 1969 жылы қазақтың соңғы ханы Кенесары туралы «Қаһар» романы мен «Алмас қылыш» және «Жанталас» романдары кіреді. «Көшпендiлер» трилогиясын орыс тіліне аударған Морис Симашко 1986 жылы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты иемденді.
Кітаптың тек орыс тіліндегі нұсқасы 12 рет қайта басылып, жалпы тиражы 1,5 миллионнан асты.