Қазақ диаспорасы балаларына арналған олимпиада өтеді

2 Шілде 2019, 15:49
2274
Бөлісу:
Қазақ диаспорасы балаларына арналған олимпиада өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2-6 шілде күндері аралығында Атырау қаласындағы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша қазақ диаспорасы балаларына арналған «Қазақстан-ата жұртым, қасиетім-ана тілім» атты ХVI Халықаралық олимпиадасы өтеді.

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, олимпиаданың мақсаты - шетелде тұратын қазақ диаспорасының ең дарынды және ең талапты жасөспірімдерін анықтап, олардың қазақ тілі мен әдебиетіне, туған елінің тарихы мен өз мәдениетіне деген қызығушылықтарын арттыру.

Қазақ тілі мен әдебиеті бойынша өтетін олимпиадаға қазақ диаспорасының өкілдері тұратын мемлекеттердегі жалпы білім беретін мекемелердің дарынды балалары қатыса алады. Биылғы олимпиадаға Иран, Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Монғолия, Қытай, Ресей Федерациясының - Самара, Омбы және Алтай өлкесінен құрама командалар қатысады деп күтілуде. Қазіргі уақытта тіркелген қатысушылар саны - 62 оқушы және 13 жетекші.
Халықаралық олимпиаданың қазылар алқасының төрағасы, Халықаралық қазақ тілі қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы және жоғарғы оқу орындарының ғалымдары мен білім қайраткерлерінен құралған.

Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен және «Дарын» РҒПО грамоталарымен марапатталады. Сонымен қатар, жеңімпаз және жүлдегер атанған шеттегі қандастарымыздың балаларына жыл сайын қолдау танытып Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орындарының ректорлары өз гранттарын табыстайды.


Өзгелердің жаңалығы