Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дербес мемлекет, тәуелсіз ел ретінде ұлттық мүдде мен құндылықтарға қатысты әрекеттерде жігерлі жұмыс істейтін уақыт жетті, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба.
Осы уақытқа дейін патша үкіметінің және кеңестік саясаттың топонимика саласына тигізген зардабынан толық айыға алмағанымыз, тарихи жер-су атауларының қалпына келмеуі, идеологиялық жағынан ескірген атаулардың әлі күнге өзгеруінің шабандығы елдігімізге сын. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атауының мөлшермен 65%-і, Қостанай облысындағы елдімекен атауының 60%-і, Павлодар облысындағы елді мекен атауының 39,3%-і – кеңес заманында орыс тілінде қалыптасқан не сол кездегі саяси оқиғаларға байланысты қойылған атаулар, - деп жазды ол.
Бұл жағдай басқа да бірқатар өңірге де қатысты.
Неге бұлай болды? Ресей патшасының отарлау саясаты жүргізілгенге дейін де осынау сайын даланы бүгінгі қазақ ұлтын, мемлекетінің негізін құраған рулар мен тайпалар мекен еткені тарихтан белгілі. Одан арыда қазақ тарихының бөлінбес бөлшегі, арғы тегі мен түп атасы болып табылатын Сақ, Үйсін, Ғұн, Түркі, Қыпшақ, Мағол, Қаңлы, тағы басқа әлемге танымал өркениет иесі болған бабалар осы далада өмір сүрді, әр тауға, сайға, көлге, өзенге атау берді. Неге сол атаулар өшіп, орнын отарлаушылар берген атаулар өміршең болуға тиіс? Тәуелсіз ел ретінде тарихи ақтаңдақтардағы әділетсіздіктер туралы ашып айту, тарихи атауларды бағзы тұмса қалпына келтіру міндет.Осы мақсатта Тіл саясаты комитеті 2020 жылы «Тарихи-диахрониялық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасын қолға алған. Республикадағы ономастикалық қызметті ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру, қазіргі Қазақстан аумағындағы топонимдердің диахрондық картасын әзірлеу арқылы топонимдердің өзгеру динамикасын көрсету әрі біріздендіру бағытын ұстанған ғалымдар біршама іс тындырды.
Атауларды ауыстыру жұмыстарына қатысты бір айта кететін мәселе, жергілікті әкімдіктер байырға атауларын зерттеп, қайтарудан гөрі сол өңірге танымал кісі аттарын тықпалауға бейім болып барады. Осы орайда тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру, қазіргі Қазақстан аумағындағы топонимдердің диахрондық картасын әзірлеудің маңызы ерекше.
Бұл орайда атауларды реттеу, өзінің байырғы атауларын қайтару мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын басқа атаулармен алмастыру бойынша Елбасының 2017 жылғы, Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы аталған тапсырманы одан әрі жалғастыру, ономастика саласындағы жұмыстарды реттеу жөніндегі тапсырмасы да бар екенін еске салғым келеді, - деп жазды Әділбек Қаба.
Алдағы 6 жыл ішінде барлық облыстар қамтылып, қорытындысында республикамыздың 3D тарихи-диахрондық картасын жасап шығару жоспарланған жобаны жүзеге асыру жұмысы биылғы жылы Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан басталды. Үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап іске кіріскен жобаның 6 адамнан тұратын ғылыми-зерттеу тобына ХVІІІ- ХХ ғ. аралығындағы жер-су атауларының топонимикасын айқындау, қазіргі топонимдердің өзгеруі мен қайта аталу динамикасын анықтау, топонимнің қалыптасу кезеңін анықтаудағы жер-су атаулары мен экстралингвистикалық факторлардың ықпалын айқындау, зерттеу нәтижесімен қазіргі топонимдердің электронды картасының жобасын әзірлеу міндеті қойылған еді, - деді ол.Осы жұмыстардың нәтижесі бойынша Тіл саясаты комитеті 8 желтоқсанда онлайн семинар өткізіп, онда ғалымдар баяндама жасады, қойылған міндеттердің орындалу жайы тыңдалып, талқыланды.
Онлайн-семинарға топонимика, ономастика мәселелерімен айналысып жүрген лингвист ғалымдар, өңірлердегі Тіл саясатымен айналысатын басқарма басшылары мен сала мамандары қатысты. Семинардың мақсаты – Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары топонимдерінің тарихи деректерін ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру жұмыстарын қорытындылау.
Жоба жетекшісі С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Иманбердиева бұл зерттеу жобасының нәтижесі не үшін қажет деген сұраққа жауап іздеді. Ғалымның айтуынша: «Ең алдымен, әр облыс бойынша жинақтарға келетін болсақ, мәселен, осы биыл әзірленіп баспаға дайындалып жатқан Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының топонимикасы бойынша 2 сериямен жинақ жарыққа шығады. Әр облыс бойынша топоним түрлері (көл, өзен, батпақ, жол, орман, мола, елді мекен, тау, қала) олардың шығу тегі ғылыми тұрғыдан зерделенген. Әр облыста неше көл, өзен, елді мекен, қала т.б. бойынша статистикасы жүргізілген. Шығу тегі бойынша неше атау кісі есімінен қалыптасқан, неше нысан және оның маңындағы нысан ерекшелігі туралы ақпарат беру негізінде қалыптасқан, неше атау идеологиялық мәнде, нешеуі бейтарап атаулар деген сияқты сұрақтардың да жауабы анықталады. Сонымен бірге, диахрониялық тұрғыдан ХV-ХІХ ғғ., кеңес үкіметі, тәуелсіздік кезеңінен бастап неше атау өзгерді, атаулар қалай өзгерді, өзгеру уәжі қандай деген сауалдарға да жауабы айқындалады, - деп жазды комитет төрағасы.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, жұмыс тобының мүшесі Зиябек Қабылдинов өз баяндамасында Қазақстан мен Ресейдің архивтерінде, мұражайлары мен кітапханаларында Қазақ жерін отарлау тарихына, атап айтқанда, XVIII-XX ғасырлар, кеңестік биліктің алғашқы онжылдықтарына қатысты көптеген құнды карталар жинақталғанына тоқталды.
«Шығарылған карталарды сыни талдау сол дәуірдің қолданыстағы және өзгеріп жатқан топонимикасындағы қазақ тіліндегі тарихи атауларын кең ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді және Қазақстанның Ресей империясына жаңа кезеңде қосылу тарихының көптеген аспектілерін, сондай-ақ өңірдің этникалық картасының өзгеруін түсіндіруге көмектеседі. Басып шығарылған орыс, қытай, араб, парсы дереккөздеріне, сондай-ақ қазақ фольклорлық шығармаларына қосымша ретінде ұсынылып отырған карталар жинағы негізінен ресейлік болып табылады, зерттеушілерді Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының аумағындағы этникалық және топонимикалық картаның өзгеруі бойынша құнды тарихи деректермен қамтамасыз ететіндігі анық», – деп тұжырымдады ғалым өз пікірін.
Бұдан басқа Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Терминология және ономастика басқарма басшысы Бақытгүл Ысқақ баяндама жасап, биыл наурыз айынан бастау алған жобаның 6 адамнан тұратын ғылыми-зерттеу тобы атқарған жұмыстарға жан-жақты талдау жасады.
Семинар жұмысы барысында ғалымдар тарапынан төмендегідей ұсыныстар айтылды, - деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы.
1. Еліміз бойынша байырғы атауларды анықтау, зерделеу, жүйелеу жұмысын жүргізу үшін ономастикалық экспедициялық топ құрылсын;
2. Өткен ғасырларда әртүрлі мақсатпен зерттеушілер, топографтар келіп қазақ жерінің сол кездегі атауларын көрсете отырып хатқа, картаға түсіргені мәлім. Сол карталарды табуға және алдыруға, ондағы мәліметтерді пайдалана отырып жер атауларының ежелгі картасын, қайта жасауды, атауларын қайта жаңғыртуды қолға алу жұмыстары жүргізілсін;
3. Жер атауларына қатысты зерттеулер, экспедициялар барысында жер-су атауларына қатысты мифология, аңыз-әңгімелер жинақталып, зерделенсін;
4. Архивтердегі жер-су атауларының өзгеруі туралы хаттамалар қоры тізбесі бар. Осы материалдар болашақта электронды нұсқада немесе үлкен тиражбен басып шығарып өңірлерге жеткізілсін;
5. Өңірлерде жер-су атауларын тарихи қалпына қайтару үшін әлеумет арасында түсіндіру, ақпараттық-насихат шаралар аясы кеңейтілсін;
6. Ономастиканы жүйелеу, визуалды бейнесін жасау, электронды –бейнелік карта жасау барысында білікті ІТ мамандарды жобаға тарту жұмыстары қолға алынсын.
Бұл – Қазақ Елі. Қазақ жері. Олай болса қазақтың барлық елді мекендері, тауы, тасы, суы, нуы түгелдей қазақша аталуы тиіс. Қазақ мемлекетінің алтын тұғыры – қазақ жерінен қазақтың иісі аңқып тұруы тиіс, - деп жазды ол.