Қайырымдылықтың ашықтығы. Елімізде осы ұйымдардың реестрі жасалады

22 Сәуір 2021, 12:53
1370
Бөлісу:
Қайырымдылықтың ашықтығы. Елімізде осы ұйымдардың реестрі жасалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да азаматтық бастамаларды қолдау және дамыту мәселелері туралы өткен брифингте айтты.

Осы небәрі бір жылда еліміздегі волонтерлік ұйымдардың саны 3 есе өсіп, еріктілердің қатары 200 мыңға жетті. Сондықтан Президенттің бастамасымен оларға жүйелі қолдау механизмдері енгізіліп жатыр, - деді Тілепов.

Оның айтуынша, бұл ең алдымен қолданыстағы заңды жетілдіруге қатысты болып отыр.

Біріншіден, жоғары, арнаулы орта оқу орындарына түсу кезінде, сондай-ақ азаматтық және мемлекеттік қызметке кіру кезінде волонтерлардың, қайырымдылық жасаушылардың құқықтарын кеңейту қарастырылады. Екіншіден, волонтерлік және қайырымдылық ұйымдарына мемлекеттік мүлікті жеңілдік арқылы пайдалану мүмкіндігі енгізіледі, - деді ол. 

Болат Тілепов үшіншіден, зейнеткерлікке шыққан кезде азаматтардың волонтерлік қызмет атқарған уақытын есепке алу көзделетінін айтты.

Төртіншіден, корпоративтік волонтерлік, қайырымдылық және электрондық қайырымдылықпен айналысу бойынша нормалар енгізіледі. Яғни, фандрайзинг, краудфандинг платформасы, төлем терминалдары, смс, онлайн-банкинг арқылы қайырымдылық жасау тетіктері пысықталады. Қайырымдылық көмектің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қайырымдылық ұйымдардың реестрі жасалады. Сонымен қатар, қайырымдылық ұйымдарын іске асырған жұмыстары туралы есеп беруге міндеттейтін норма енгізіледі, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы