Қайырымдылық қоғамда трендке айналуы керек – волонтер

8 Сәуір 2021, 16:23
3022
Бөлісу:
Қайырымдылық қоғамда трендке айналуы керек – волонтер
PHOTO

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Пандемияның әлегі әлі есте. Індет өршіп, жұрт алаң күй кешіп, ауа жетпей, дәрі таппай даурыққан кезде еріктілер көмекке келді. Ақмолалық «lider.kz» еріктілер қозғалысының негізін қалаушы Олеся Баимова Волонтер жылының арқасында көпшіліктің қайырымдылыққа деген көзқарасы өзгергенін айтады.

«Қайырымдылық керуені-2020» байқауының лауреаты Олеся Баимова қолға алған жоба бағыты – жоғалған адамдарды іздеу, әлеуметтік мәселелерді шешу, қайырымдылық және эко-еріктілік. Жоба 2019 жылғы үздік волонтерлік тәжірибелер жинағына енді.

Осыдан бес жыл бұрын мамыр айында Нұра өзенінің бойында екі жасар қыздың жоғалып кеткені туралы хабар тараған болатын. Құтқарушылар, полиция қызметкерлері мен еріктілер Эллин Кулдинді бір аптадан астам уақыт бойы іздеді. Баланың денесін жергілікті балықшы тапқан. Сол уақытта біз алғаш рет еріктілер тобын құрдық. Бірде жедел уәкілдер Щучинскіде бір қыз баланың жоғалғаны туралы бізге ақпарат берді. Еріктілердің жедел әрекеті арқасында қыз бала бір тәулік ішінде табылды. Жедел уәкілдер «Lider.kz» еріктілеріне алғыс айтты, - деп еске алады Олеся Баимова.

«Lider.kz» қоғамдық қоры мен құқық қорғау және ТЖ органдары арасында меморандумдарға қол қойылды.

Қайырымдылық қоғамда трендке айналуы керек – волонтер


Еріктілер үшін адамдардың қандай себеппен жоғалғаны маңызды емес. Олар жоғалған адамдарды табу үмітімен шығады және тәуліктің кез келген уақыты, ауа райы еш кедергі емес. Қарапайым адамдар волонтерлерге көбірек сенеді. Дегенмен бізге туыстарының жоғалған адам жайлы алғашқы сағаттарда дереу жүгінуі өте маңызды. Соңғы жылдары жоғалған адамдар құлдыққа түскен жағдайлар да жиіледі, - дейді ерікті.

Пандемия басталғанда қоғамдық бақылау, мониторинг тобының жұмысы көбейген. Карантин жарияланған тұста еріктілер қиын жағдайға тап болған 600 отбасы мен жалғызбасты қарттарға 9 миллион теңгенің азық-түлігі мен дәрі-дәрмегі жеткізген. Сондай-ақ еріктілер коронавирус індетімен күресте қаланы дезинфекциялау жұмыстарына да қатысты.

Ол кезде қаладан тыс жерлерге шығуға тыйым салынған болатын. Науқастарды бірнеше рет тасымалдап, Нұр-Сұлтандағы блокбекетке дейін жеткіздік. Еріктілер халықтың әлеуметтік осал топтары – жалғызбасты қарт адамдар, мүгедектерді азық-түлік, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету бойынша белсенді акциялар ұйымдастырды. Кәсіпорын өкілдерімен келіссөздер жүргізілді, онда азық-түлік себеттері жиналып, мұқтаж жандарға Щучинск қаласының еріктілері көп көмек көрсетті. Осылайша, қиын-қыстау кездегі волонтерлер еңбегі ел еңсесін көтерді, - дейді Олеся Баимова.
Қайырымдылық қоғамда трендке айналуы керек – волонтер

Қоғамдық бақылау тобының аймақтық үйлестірушісі ретінде Олеся Баимова пандемия басталғаннан бері карантиннің сақталуын, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, ауруханаларда қызмет көрсету сапасын, гуманитарлық көмекті бөлуді бақылайды. Бүгінде ол - волонтерлерді даярлау бойынша өңірлік жаттықтырушы, Щучье балалар үйі жанындағы қамқоршылық кеңесінің төрайымы, Бурабай аудандық мәслихатының депутаты.

Біздің қызметімізге адамдар көп жүгінеді. Сұрақтардың дені азық-түлік бағасын тұрақтандыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызмет көрсету сапасына, тұрғын үй, коммуналдық мәселелерге қатысты. Адамдардың сенімінен шығу үшін әр өтінішке жауапкершілікпен қарауға тырысамыз. Мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында «Lider.kz» көмек қоймасын ұйымдастырды. Мұнда тұрғындар пайдаланбайтын ыдыс-аяқ, киім-кешек басқа да заттарды тапсыра алады. Әрине, өмір болғасын кедергілер де кездесіп жатады. Біздің тегін қызметімізге демеушілік ретінде ғана қарайтындар да бар. Өтеусіз жұмыстың бағаланбауы қоғамда насихаттың аздығынан сияқты. Осы ретте, мектеп қабырғасынан оқушыларды пайдалы іске ынталандыру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, игі істер, қайырымдылық қоғамда трендке айналуы керек, - дейді қоғам белсендісі.

Өзгелердің жаңалығы