Қайырымды істер марафонына студенттер қосылды

22 Ақпан 2021, 13:43
1432
Бөлісу:
Қайырымды істер марафонына студенттер қосылды

Нұр-Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жастары астанадағы қарттар үйінің ауласын тазартып, қайырымды істер бастамасына қосылды, деп хабарлады АҚДМ баспасөз қызметі.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасының аясында ұйымдастырылған шараға жиырмадан аса студент қатысты. Олар Нұр-Сұлтан қаласы, Аққорған көшесі бойында орналасқан «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы аумағын қардан тазартты.

Айта кетейік, «Қайырымды істер марафоны» бастамасын былтыр желтоқсан айында Волонтер жылының жабылу рәсімінде Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен болатын.

Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – ел дамуындағы аса маңызды белес, тарихи меже және жетістігімізді саралап, болашағымызды бағамдайтын кезең екенін атады. Ал биыл өзінің ширек ғасыр – 25 жылдығын атап өтетін Еуразия ұлттық университетінің жастары мұндай игі шарадан сырт қалған емес.

Бұл біздің алғашқы немесе соңғы қолғабысымыз емес, алдағы уақытта мұндай игі істеріміз өз жалғасын табатын болады. Алдағы уақытта қаламыздағы жалғыз басты қариялар мен балалар үйінің тәрбиеленушілерімен де түрлі шаралар ұйымдастырамыз,- дейді Жастар орталығының төрағасы Аян Сәлімгереев.

Жалындаған жастардың бұл қайырымды ісіне қарттар үйінің қызметкерлері мен қариялар алғыстарын білдірді.


Өзгелердің жаңалығы