Қайтыс болған адамның атынан құрбандық шалуға бола ма?

15 Шілде 2021, 16:25
2802
Бөлісу:
Қайтыс болған адамның атынан құрбандық шалуға бола ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Көпшілікті мазалайтын бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жауап берді. Діни басқарма басшысы бұған шариғат тұрғысындағы көзқарасы туралы айтты.

Оның айтуынша, кез келген адам дүниеден өткен туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне құрбандық шалуына болады. Бірақ құрбандық шалу уәжіп болған адам ең алдымен өз атынан құрбандық шалуы қажет.

Егер о дүниелік болған адам өз атынан арнайы құрбан шалуды өсиет еткен болса, құрбандық Айт күні шалынуы тиіс. Бірақ оның етін толығымен тарату керек. Ал өсиет етпеген болса, шын жүрегіңізбен марқұмның атынан құрбан шалғыңыз келсе, құрбан малдың етін мұқтаж жандарға таратуға да, отбасыңызға қалдыруға да болады, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Материалдық мүмкіндігі бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Бас мүфти айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс екендігін алға тартты.

Бұған дейін ҚМДБ биыл Құрбан айт намазы қалай оқылатынын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы