Катонқарағайда халықаралық айтыс өтеді

22 Маусым 2022, 17:45
1294
Бөлісу:
Катонқарағайда халықаралық айтыс өтеді
Фото: Егемен Қазақстан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 шілде күні Алтай тауларының етегінде орналасқан Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданында алғаш рет өтетін халықаралық айтыстың жалпы жүлде қоры  20 миллион теңге. Бас жүлде – 5 миллион теңге деп хабарлайды шараны ұйымдастырушылар.

Халықаралық айтысқа Қазақстанның, Өзбекстан, Моңғолия және Қырғызстаннан келген таңдаулы ақындар қатысады. 

Елімізден Ринат Заитов, Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров және тағы басқа от ауызды, орақ тілді 16 ақын бақ сынайды.  Ақындардың өнеріне Ұлықбек Есдаулет, Серік Қалиев, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Ахметбек, Кәмел Жүністегі және Серік Құсанбаев сынды салмақты құрам қазылық етеді. Айтысты белгілі ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізеді.

Сайыс екі кезеңнен тұрады – іріктеу және финал. Іс-шараның жүлде қоры шамамен                 20 млн теңгені құрайды: бас жүлде – 5 миллион теңге, бірінші орын – 2 миллион теңге, екінші орын (екі екінші) – 2 миллион теңге, Үшінші орын (екі үшінші) – 1 миллион теңгеден,                сондай-ақ арнайы сыйлықтар бар.

Қазақ ықылым заманнан ақындар айтысының көмегімен қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, оларды халық атынан билікке жеткізе алған. Сондықтан мұндай іс-шаралардың өзектілігі жоғалмайды. Әлбетте осындай ақындар айтысы қазақ халық шығармашылығын дамыту мақсат етеді. Айтыс жанры - қазақ өнерінің бай мұраларының бірі. Біз оны Қазақстанның ең әдемі және киелі жерлерінің бірі – Алтай тауларының етегі Катонқарағайда  өткізуді ұйғардық. Өйткені Алтай Қазақстан тарихында ғана емес, бүкіл түркі өркениетінің қалыптасуында ерекше орын алады, - деді ұйымдастырушы, Катонқарағай ауданы Тұрақты Даму Қорының жетекшісі Серік Жүнісов.

Ауқымды шараның тақырыбы «Алтайдай жер қайда?!» деп алынуы да тегін емес. Бұл аймақ өзінің табиғатымен, тарихи және мәдени құндылығымен ерекше. Мұндай табиғаттың сұлулығы көптеген жылдар бойы суретшілер мен ақындардың шабытына арқау болған. Өңір тек көшпелі империялардың провинциясы ғана емес, түркі билеуші әулетінің қасиетті атамекені саналған. Ұйымдастырушылардың ойынша, дәл осы жерде табиғат пен рух, тарихи мұра мен болашаққа деген көзқарастың үйлесімділігі айтыс арқылы көрініс табады. 

Өзгелердің жаңалығы