Катермен әйелді қағып кеткен жасөспірімге сот үкім шығарды

3 Қараша 2020, 23:20
1368
Бөлісу:
Катермен әйелді қағып кеткен жасөспірімге сот үкім шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҚО кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Артем Крыловқа қатысты үкім шықты.

Сотта катермен әйелді қағып, қазаға ұшырату дерегі бойынша іс қаралды. 17 жастағы А.Крылов ҚР ҚК 104-бабы 1-бөлігіне (абайсызда қазаға ұшырату) сәйкес айыпты деп танылып, оның бір жылға бас бостандығы шектелді. Аталған мерзімге пробациялық бақылау орнатылды. Судья Жанар Ешпанованың айтуынша, іс жәбірленушінің қатысуымен прокурор мен сотталушының арасында жасалған процестік келісіммен сотқа түскен. 

«Келісім бойынша прокурор кінәлі адамға бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Процеске қатысушылар мұнымен келісті. Сотта жәбірленушілер келісімді қолдап, моральдық залалдың өтелгенін растады. Заң бойынша сот прокурормен белгіленген бапты қатаңдатылған баппен соттауға құқылы емес. Сондықтан сотталушы аталған бапқа сәйкес кінәлі деп танылды», - деді Ж.Ешпанова. 

Сот, сондай-ақ, катерді құжатсыз және рұқсатсыз жүргізу дерегі бойынша жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін жеке қаулы шығарды. 

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы