Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендеді – Тимур Мұратұлы

4 Ақпан 2021, 16:15
1414
Бөлісу:
Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші төмендеді – Тимур Мұратұлы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратұлы «Қатерлі ісікке қарсы күрес күніне» қатысты өткен онлайн баспасөз конференциясы барысында айтты.

Жыл сайын 4 ақпанда Халықаралық обырға қарсы ұйымының (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні аталып өтеді. 

Акцияның мақсаты – онкологиялық аурулардың алдын алу және ерте анықтау жайлы халыққа ақпараттандыру. Өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыру, қолжетімді скринингтік зерттеулер туралы ақпарат беру. 

Қазіргі уақытта экологияның ластануы, дұрыс тамақтанбау, жаман әдеттерге әуестену, семіздік асқазан қатерлі ісігіне, жатыр мойны обырына алып келуі мүмкін. Бірақ бұған қарамастан, қатерлі ісікті ерте анықтап, дұрыс ем көрсеткен жағдайда оны емдеуге толықтай мүмкіндік бар. Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында обырдың жаңа 1900 жағдайы тіркеледі. Бүгінгі күні диспансерлік есепте 11546 пациент тұр. Ауру құрылымында 1-орында сүт безінің обыры - 15,7%, 2-орында өкпе обыры - 9,6%, 3-орында асқазан обыры - 6,6%, 4-орында ішек обыры - 5%, 5-орында тері обыры - 4,3% тұр, - деді Тимур Мұратов.

Айта кету керек, мұндай аурумен ауыратын жандардың санын азайту үшін қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен көпсалалы медициналық орталық онкологиялық аурулардың алдын алу үшін ауқымды жұмыстар жүргізуде. 

Обырдың кесірінен болатын өлім-жітімнің төмендеуі қатерлі ісікті ерте жағдайларда анықтау және емдеу нәтижелерінің тиімділігіне тікелей байланысты. Сол себепті, 2020 жылдың қорытындысы бойынша қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 69,8%-ды құрады, ал, 2019 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 79,8% болған еді.

Ұмсындық НАУРЫЗБАЕВА
Өзгелердің жаңалығы