Каспий жағалауынан 97 өлі итбалық табылды: Себеп не? 

Мамандар өлі итбалықтардан сынама алып, қырылудың алдын ала себептерін анықтау және өлекселерді жою жұмыстарын ұйымдастыруда.

 ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті Бүгiн 2026, 16:40
Бүгiн 2026, 16:40
117
Фото: ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитеті

17 сәуірде «Каспий итбалығы» РММ мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен және Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы әкімдігімен бірлесіп Каспий теңізі жағалауын мониторингтеу барысында жағаға шығып қалған итбалық өлекселерін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

17 сәуір сағат 11:00-дегі жағдай бойынша батыс желдің әсерінен Түпқараған ауданы аумағындағы Каспий теңізі жағалауына 97 өлі итбалықтың денесі шығарылған.

Балықтар мен басқа да су жануарларының жаппай қырылу қаупінің алдын алу және оның салдарын жою қағидаларына сәйкес (Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2025 жылғы 22 қазандағы №386 бұйрығы), оқиға орнына арнайы жұмыс тобы жіберілді.

Атап айтқанда, «Каспий итбалығы» РММ, балық шаруашылығы инспекциясы, ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясы, гидробиология және экология институты, сондай-ақ Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығының өкілдері барды.

Мамандар өлі итбалықтардан сынама алып, қырылудың алдын ала себептерін анықтау және өлекселерді жою жұмыстарын ұйымдастыруда.

Гидробиология және экология институтының мамандарының пікірінше, итбалықтардың өлімі бір айдан астам уақыт бұрын болған. Алайда олардың денелері жағалауға тек қазір батыс бағыттағы дауылды желдің әсерінен шығарылған.

Жағалауды мониторингтеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда.

Наверх