Каспий теңізінің жағалауында 150-ге жуық итбалық қырылып қалған

28 Қазан 2024, 12:18
505
Бөлісу:
Каспий теңізінің жағалауында 150-ге жуық итбалық  қырылып қалған
Фото: Видеодан скрин

Бұл туралы Азамат Сарсенбаев есімді блогер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Баутино маңындағы Түпқараған ауданындағы жағалауда соңғы болған дауылдан кейін Қызыл кітапқа енген итбалықтардың өлекселері шығып қалған. Қазіргі уақытта ғалымдар 151 өлексені санап шықты. Осы аймақта итбалықтарды зерттеп жүрген ғалымдардың айтуынша, кейбір өлі итбалықтардың денесінде механикалық зақымдар анықталған. Олардың не себептен жаппай қырылғаны әзірге белгісіз, - деп жазған Азамат Сарсенбаев.

Бұл жағдайға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласып, мән-жайды сұрадық.

24 қазанда Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауына мониторинг жүргізу барысында өлі итбалықтарды тапты. Өлекселер табылған жерге инспекция, жергілікті атқарушы органдар, гидробиология және экология институты, республикалық балық шаруашылығы және аквакультура қауымдастығы «Qazaq balyk» филиалының өкілдері жедел жетті. Итбалықтардың қырылу себептері тиісті зертханалық талдаулардан кейін белгілі болады. Каспий теңізі жағалауында мониторинг жалғасып жатыр, - деді министрліктің баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы