Кәсіпкерлердің проблемалық несиелерін қайтару үшін кепілдіктегі мүліктері жеке инвесторларға сатылады

11 Мамыр 2022, 12:18
1394
Бөлісу:
Кәсіпкерлердің проблемалық несиелерін қайтару үшін кепілдіктегі мүліктері жеке инвесторларға сатылады
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кәсіпкерлердің проблемалық несиелерін қайтару үшін кепілдіктегі мүліктері жеке инвесторларға сатылады.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың мәліметінше, 1 қаңтардағы жағдай бойынша, стрестік активтер мөлшері 2,3 трлн теңге. Бұл банк жүйесі активтерінің 6%-ына тең. Дегенмен бұл аз қаражат емес.

Агенттік төрайымы негізінен заңды тұлғалардың қарызын (1,1 трлн теңгені) қайтарып алу басты назарда екенін айтады. 

Қарызын өтемегендердің кепілдікте тұрған мүліктері бар. Мысалы, жер учаскесі, өндіріс базалары, коммерциялық нысандар... Міне, соларды экономикалық айналымға енгізу үшін жеке инвесторларға сатпақпыз. Бүгінге дейін жеке инвесторға сату көзделмеген болатын. Тек коллекторлық агенттік, қаржы ұйымдары ғана алатын еді, - деп түсіндірді Әбілқасымова.

Оның айтуынша, бұрын банктер өндіріп алған мүлікті 5 жыл ұстайтын.

Енді мерзім 3 жылға қысқартылды. Яғни осы мерзімде сатып үлгеруі керек. Осы мерзімде сатып үлгеруін қадағалаймыз. Сатпайтын болса, шара қолданамыз, - деп айтты агенттік төрағасы.

Айта кетейік, инвесторларға жұмыс істемейтін кредиттерге қызмет көрсету және басқару қызметтерін көрсету үшін сервистік компаниялар институты құрылады. Ұйым Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне қарайды.

Толығырақ айта кетсек, стрестік активтерге төлеу мерзімі 90 күннен асқан (870 млрд теңге) кредиттер, қатар қайта құрылымдалған кредиттер (936 млрд теңге), өндіріп алынған мүлік (156 млрд теңге) және банктердің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымдарының активтері (356 млрд теңге) жатады.

Өзгелердің жаңалығы