Кәсіпкерлер ауылға күрес мектебін салып берді

30 Қазан 2021, 17:36
138715
Бөлісу:
Кәсіпкерлер ауылға күрес мектебін салып берді

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысы Панфилов ауданы Тұрпан ауылында 80 балаға арналған спорт мектебі ашылды.

Спорттық нысанның ашылуына Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Ардақ Назаров сынды белгілі спортшылар қатысты.

Ауылдың кәсіпкер азаматтары салған мектепте күрес түрлері мен ережесіз жекпе-жек түрі бойынша жаттығу жүргізіледі. 500 шаршы метр аумақты алып жатқан спорттық мектепте бұдан бөлек футбол және балалар ойнайтын алаңдар салынған. Спорттық ғимаратпен қоса ауылды көркейтуге азаматтар 100 млн теңгеден аса қаржы бөлген.

Кәсіпкерлер ауылға күрес мектебін салып берді

Бұған дейін жас спортшылар ауылдағы ескі мешітінің ішінде жаттығып келген болатын.

Осындай жаңа спорт залды көп күттік. Ауылымыздағы ағаларымызға рахмет. Барлық жағдайымызды жасап берді. Енді біз барынша жаттығып, ауылымыздың, еліміздің намысын қорғаймыз,- деді жас спортшы Айып Әділжан.

Сонымен қатар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында осы азаматтар ауыл жанына 30 метрлік үлкен Ту тұғыр орнатты. Игі іске бастама болған кәсіпкер Жалғас Алтынбек бұның барлығы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту дейді.

Кәсіпкерлер ауылға күрес мектебін салып берді

Ауылымызға спорт мектебін салу көптен ойда жүр еді. Өйткені іні, бауырларымыз ескі ғимаратта жаттықты. Бүгін міне мектепті пайдалануға бердік. Қолдаған барша жігіт, ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін. Бұған қоса Ту тұғыр орнаттық. Әлі де ауылға бұдан ары қолдау көрсете береміз,- деді кәсіпкер.

Қазіргі сәтте спорт мектебін құжаттандыру жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта жаттықтырушыларға арнайы штат бөлінетін болады. Сондай-ақ, аталған күрес мектебіне көрші ауылдың балалары да келіп жаттығуына мүмкіндік қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы