Атырау облысының кәсіпкерлеріне әлеуметтік маңызы бар тауар бағасын тұрақты ұстау үшін 1 млрд 414 млн тенге қайтарымды қаржы берілді, деп хабарлайды Атырау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бұл жұмыс 2022-2023 жылдарға арналған бағаны тұрақтандыру бағдарламасын іске асыру мақсатында қолға алынған. Бөлінген қаражаттың арқасында жергілікті бизнес иелері 2 жыл бойы азық-түлік құнын қымбаттатпауға міндеттеледі. Дегенмен, қайтарымсыз қаржы арқылы кәсібін дөңгелететін 4 компания, яғни «Идеал Маркет» ЖШС, «JCS-corporation» ЖШС, «Агро Қазына» ЖШС және «Агрофеликс» ЖШС уақытша алған қаржысын қайтаруы тиіс.
Бүгінде өңірдің тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 атауы шекті және шекті рұқсат етілген бөлшек саудадан аспайтын, сондай-ақ нарықтық бағадан орташа алғанда 21% - ға төмен бағамен сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорына 3 041,4 тонна азық-түлік тауарлары, оның ішінде 1 953 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Бұл көлем облысты 2023 жылдың мамыр айына дейін қамтамасыз етеді. Картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат сияқты ауыл шаруашылығы өнімдері қаланың 4 базарында және 4 сауда павильонында сатылады. Сондай-ақ картоп 11 «Ярмарка» супермаркетінде сатылып жатыр, - деді «Атырау» ӘКК АҚ департаментінің директоры Дмитрий Дю.
Жергілікті билік облыстағы бірінші сұрыпты ұн мен одан дайындалатын өнім бағасын тұрақтандыру үшін ұн тарту кәсіпорнымен келісім шарт жасаған. Бүгінде наубайханаларға 4 005 тонна ұн сатылса, қорда қалғаны 606,5 тонна. 1 бөлке нан 80-82 теңге.
Тұрғындар қолға алынған істің жергілікті жұртқа пайдасы болады деген үмітте. Себебі облыстағы статистика департаменті мамандарының мәліметіне қарағанда өткен айдың өзінде ұн бағасы 7%, жұмыртқа 5,5%, құмшекер 4,2% және жармалар 2,1% өскен.