Кәсібін жаңа бастаған ханымдарды оқыту үшін шетелден кәсіпкер әйелдер шақырылды

18 Қаңтар 2022, 19:45
1130
Бөлісу:
Кәсібін жаңа бастаған ханымдарды оқыту үшін шетелден кәсіпкер әйелдер шақырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2022 жылдың 17 қаңтарында Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының Кәсіпкер әйелдер комитетінің екінші отырысы онлайн тәртіпте өткізілді.

Іс-шараға Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Адем Кула және Кәсіпкер әйелдер комитетінің төрайымы Сақина Бабаева қатысты. Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова қатысты.

Ұлттық комиссия басшысы мемлекеттер арасындағы серіктестікті кеңейту және екі елдің кәсіпкер әйелдері арасындағы экономикалық байланысты нығайту бойынша нақты ұсыныстарын жеткізді.

Өткен жылдан бері Қазақстанның барлық аймақтарында Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары ашылуда. Орталықтардың жұмыс бағыттарының бірі – жаңадан бастаған іскер әйелдерді оқыту. Елдеріміз арасындағы тығыз экономикалық байланысты және әріптестіктің үлкен тәжірибесін ескере отырып, мен Түркі мемлекеттері ұйымындағы әріптестерімізді Орталықтардың онлайн платформасын тәжірибе алмасу және әйелдерге арналған тренингтер мен оқыту семинарларын өткізу үшін қолдануға шақырамын, - деді Ләззат Рамазанова.

Сонымен қатар ол 2022 жылы Қазақстан астанасында ECOJER екінші экологиялық конгресс өткізу жоспарланып отырғанын айтты. Ләззат Рамазанова Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдерін конгреске қатысуға шақырып, бұл шара әйелдердің тұрақты даму мен экология саласындағы бастамаларын таныстыру және оларды одан әрі ілгерілету үшін жақсы алаң болатынын атап өтті.

Соңында Ұлттық комиссия басшысы Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібіндегі 1325 қаулысы бойынша іс-шаралар жоспарының қабылдануының маңыздылығын атап өтті. Қазақстандағы соңғы қайғылы оқиғалар аясында бұл бағыт аса өзекті болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қараша айында Ыстамбұл қаласында Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының Кәсіпкер әйелдер комитетінің бірінші отырысы өткен болатын. Іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммиті аясында өтті.

Өзгелердің жаңалығы