Қаржы саласы ерекше ашықтық пен қолжетімділікті талап етеді – Шпекбаев

28 Қазан 2020, 18:08
1458
Бөлісу:
Қаржы саласы ерекше ашықтық пен қолжетімділікті талап етеді – Шпекбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қаржы министрлігі басшылығының кездесуі өтті. 

Негізгі күн тәртібі мемлекеттік кірістер, ішкі мемлекеттік аудит, қаржы мониторингі, қазынашылық және мемлекеттік мүлік органдарындағы жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша өзара іс-қимыл мәселелеріне арналды.

Кеңес барысында қылмыстық-құқықтық статистика бөлігіндегі алаңдатарлық үрдістерді көрсететін жемқорлыққа қарсы кешенді мониторингтің, сондай-ақ кедендік әкімшілендіру және ішкі мемлекеттік аудит саласындағы сыртқы талдаулардың нәтижелері талқыланды.

Тәуекелдердің негізгі кешені кең дискрециялық өкілеттіктермен, жұмыс үдерістерін автоматтандырудың жеткіліксіздігімен және бизнес-процестердің негізгі кезеңдеріндегі адами фактормен байланысты.

Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев министрлік басшылығының өз қатарын таза ұстауға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау сапасын қамтамасыз етуге және оларды жоюға ниет білдірмейтін лауазымды тұлғаларға қатысты берік ұстанымының аса маңыздылығына назар аударды.

Қаржы саласы ерекше ашықтық пен қолжетімділікті талап етеді – Шпекбаев

Ол салық және кеден органдарының тұтынушыға бағдарлануын арттыру қажеттілігі туралы айта кетті. 

Қаржы саласы ерекше ашықтықты, айқындылықты және қолжетімділікті талап етеді. Жемқорлық дәл осы қағидаттардан сескенеді. Жаңа көзқарастағы басшылар азаматтармен сындарлы диалог жүргізе білуімен және жағдайды жақсы қырына өзгерту ниетімен ерекшеленеді. Жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға болмашы мүмкіндік бермеу үшін цифрлық шешімдер мен құралдар енгізуді жеделдету қажет, - деп атап өтті ол.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев министрлік құрылымында 5 Комитет пен 3 ведомстволық бағынысты ұйым бар екенін айтты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларына ерекше мән береміз. Бүкіл сала туралы қоғамның жағымсыз пікірін тудыратын сотталған қызметкерлердің саны алаңдаушылық тудыратыны сөзсіз. Бүгінгі кездесу қалыптасқан жағдайдың өзгеретініне сенімімізді бекітті. Біз өзін-өзі жетілдіру бойынша кешенді шаралар қабылдауға беттедік. Агенттіктің ұсынымдары мен ұсыныстарын ескере отырып, бірлескен күш-жігерімізбен қалыптасқан қолайсыз үрдісті өзгерте алатынымызға сенімдімін, - деді ол.

Сондай-ақ, қаржы ведомствосының басшысы электрондық мемлекеттік қызмет көрсету деңгейін 92%-ға жеткізуге ниетті екенін білдірді.

Қатысушылар Агенттіктің «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп іске асырып жатқан қазыналық төлемдерді заңсыз қоса есептеумен, әкімшілік кедергілер мен кідірістерге байланысты мәселелерді құқықтық алаңда шешуге бағытталған бизнес пен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жөніндегі жобаны (12,5 трлн теңге көлеміндегі инвестициялары бар 550-ден астам компания) талқылады.

Көбіне қаржы саласының қызметкерлері азаматтар мен бизнестің жеткілікті сеніміне ие емес. Бұл тәсілді өзгерту керек. Кәсіпкерлерді қолдау - бұл сіздің ұзақ мерзімді инвестициялар тартуға, оның ішінде адами капиталға, технологияларды дамытуға, жұмыс орындарын құруға, яғни еліміздің барлық азаматтарының әл-ауқатын арттыруға қосқан үлесіңіз болмақ, - деді Алик Шпекбаев. 

Қаржы министрлігі азаматтық қоғамның белсенді өкілдері қатарынан басшы тағайындай отырып, «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмысының тиімділігін күшейтеді. «Көлеңкелі экономиканы төмендету, бизнесті қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасы», сондай-ақ «Қаржы мониторингі органдарындағы жемқорлыққа қарсы 10 қадам» сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламасы іске асырудың жаңа кезеңіне көшті.

Қаржы саласы ерекше ашықтық пен қолжетімділікті талап етеді – Шпекбаев

«Ашық бюджет» жобасының жетекшісі Рахым Ошақбаев азаматтардың қаржылық сауаттылығы туралы айта келе, бірлескен тиісті оқыту іс-шараларын өткізу қажеттігін атап өтті. Қаржы ведомствосы қазынашылықтың және «e-Planning» ақпараттық жүйелерімен интеграциялау бөлігінде «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасын іске асыруға да жәрдемдеседі.

Әріптестікті нығайту аясында биыл қазан айында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу нәтижелері бойынша әзірленген Ішкі мемлекеттік аудит комитетінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі Агенттік пен Қаржы министрлігінің бірлескен жоспарына қол қойылды.

Өзгелердің жаңалығы