Қаржы министрі бюджетке қанша кіріс түскенін айтты

10 Маусым 2021, 10:04
2029
Бөлісу:
Қаржы министрі бюджетке қанша кіріс түскенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында соңғы бес айдағы мемлекеттік қаржының атқарылуы бойынша есеп берген Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет кірістерінің көрсеткіштерімен таныстырды.

Оның айтуынша, соңғы бес айда мемлекеттік бюджетке 4 трлн 355 млрд теңге сомасында қаражат түсті. Осылайша жоспар 110,4%-ға атқарылды. Республикалық бюджетке 2,7 трлн теңге сомасында кірістер түсті және жоспар 101,6%-ға орындалды. Кірістер бойынша жоспар 42 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 2 млрд теңгеге, салықтық емес түсімдер бойынша 39 млрд теңгеге асыра орындалды.

Бұл негізінен импортқа салынатын қосылған құн салығы, мұнайға экспорттық кеден бажы және корпоративтік табыс салығы есебінен қамтамасыз етілді. Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылдың 4 айында үшінші елдермен импорт көлемінің 8,1%-ға немесе 488 млн доллар ұлғаюына байланысты. Сонымен қатар бірінші тоқсанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден импорттық жеткізілімдер көлемінің 11,8%-ға ұлғаюы әсер етті, - деді ол. 

Министрдің айтуынша, шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша асыра орындау экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің ұлғаюына байланысты болды.

Әлемде экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі негізгі экспорттық тауарлар бағасының орта есеппен 33,3%-ға өсуіне әсер етті. Бұл мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 20%-ға немесе 101 млрд теңгеге ұлғаюына әкелді. Нәтижесінде корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар асыра орындалды, - деді Қаржы министрі. 

Сонымен қатар биыл қосылған құн салығын қайтарудың 1,4 есеге немесе 130 млрд теңгеге өсуіне байланысты ішкі тұтыну тауарларына қосылған құн салығы бойынша жоспар орындалмаған.

Салықтық емес түсімдер бойынша жоспарды асыра орындау негізінен өзге де салықтық емес түсімдер және мемлекеттік органдар салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар және өндіріп алулар бойынша қамтамасыз етілді. Жергілікті бюджеттердің кірістері 128,5%-ға атқарылды және 1 трлн 658 млрд теңгені құрады. Жоспар 367 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 320 млрд теңгеге асыра орындалды. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды, - деді Ерұлан Жамаубаев.

Өзгелердің жаңалығы