Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңа оқу кезеңі басталғанда жауынгерлік даярлықтан дәстүрлі түрде өткізілетін тактикалық-саптық сабақтардың қорытындысы шығарылды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Сабақтар үрдісіне сәйкес әскерлер жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірілді. Жеке құрамды хабардар ету, басқару пункттерін жабдықтау, өзара іс-қимыл және жан-жақты қамтамасыз ету, сондай-ақ бөлімшелерді әскери қолдануға белгіленген аудандарға жіберу мәселелері пысықталды. Штаттық киім-кешектің, байланыс құралдарының, жеке қорғаныс құралдарының, түнгі аспаптардың, нысаналардың және басқа да әскери мүліктің саны мен жай-күйі тексерілді.
Әскери бөлімдердің басшылығы әскери бөлімдерге, базаларға, әуеайлақтар мен әскери қалашықтарға шабуыл жасау кезінде бөлімшелердің, кезекші күштер мен құралдардың ұшқышсыз ұшу аппараттарына және шартты қарсыластың диверсиялық топтарына қарсы іс-қимыл жасауға дайындығын арттыруға ерекше назар аударды.
Жауынгерлік даярлық апталығының іс-шаралар кешенінде Қорғаныс министрлігі басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басқару органдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелеріне назар аударды.
Сонымен, Бас штабта, өңірлік қолбасшылықтарда және Десанттық-шабуылдау әскерлерінде ҰҚК Шекара қызметінің жедел топтарымен мемлекеттік шекараны күшейту бойынша бірлескен іс-қимылдар нақтыланып, іс жүзінде пысықталды. Мемлекеттік күзет қызметінің лауазымды адамдарымен Қарулы Күштердің бөлімшелерін стратегиялық маңызды объектілерді күзетуге және қорғауға тарту тәртібі үйлестірілді. ҚР Ұлттық ұланының өкілдерімен бірлесіп, міндеттерді орындауға жұмылдырылатын күштер мен құралдардың әзірлігін қарады.
Деструктивті ұйымдардың лаңкестік іс-әрекетінен төнетін қауіптер мен тәуекелдердің артып келе жатқанын ескере отырып, Қарулы Күштерді терроризмге қарсы операцияларда қолдану мәселелері пысықталды. Лауазымды адамдар әскерлердің қозғалу бағыттарын, қаруды қолдану тәртібін, объектілерді, тосқауыл бекеттерді, байланысты ұйымдастыруды және дабылды басқару, тамақтандыру, медициналық қамтамасыз ету, бөлінетін жеке құрам мен техниканың санын нақтылады.
Аумақтық қорғаныс бригадаларының басшылығы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше оқиғалардың салдарын жоюда ТЖМ бөлімшелерімен өзара іс-қимыл ұйымдастырды.
Әскери басқару органдарында бірлескен штабтық жаттығу өткізіліп, оның барысында қауіп-қатер артқан жағдайда әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері пысықталды.
Бұл шаралардың бәрі Қарулы Күштер бірлестіктерінің, құрамалары мен бөлімдерінің жауынгерлік әзірлік деңгейін, басқа да әскерлер мен әскери құралымдармен жедел үйлесімділігін анықтауға мүмкіндік берді.
Жергілікті әскери басқару органдарымен әскерге шақыруды ұйымдастыру және жұмылдыру ресурстарын жеткізу бойынша ауқымды жұмыс көлемі жүргізілді.
Биыл 2 желтоқсанда Қазақстанның Қарулы Күштерінде жаңа оқу жылы басталғаны осыған дейін де айтылған болатын. 2022 оқу жылына даярлық барлық санаттағы әскери қызметшілердің белгіленген міндеттерін орындаудағы әзірлігін арттыруға, әскердің одан әрі кәсіби өсуіне бағытталған. Жауынгерлік даярлық шараларының 80 мыңнан астам түрін өткізу, яғни оқу-жаттығулар, іс жүзіндегі оқ атулар, парашютпен секіру, жаттығу ұшулары, бөлімшелердің далалық жорықтары, кемелердің теңізге шығулары және жауынгерлік машиналарды жүргізу жоспарланып отыр.