Қару-жарақты өз еркімен тапсырған азаматтарға 91 млн теңге төленді – ІІМ

25 Қазан 2021, 11:13
18980
Бөлісу:
Қару-жарақты өз еркімен тапсырған  азаматтарға 91 млн теңге төленді – ІІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз министрліктің дәстүрлі брифингінде айтты.

Ішкі істер министрлігі биыл 20 сәуірден бастап өткізген жыл сайынғы «Қару» акциясы аяқталды. Акция барысында халық қару-жарақты ақылы тапсырды. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен биыл 95 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырғандарға оның техникалық жай-күйіне байланысты қарудың әрбір бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің оннан жүзге дейінгі сомасында төлем көзделеді, - деді Ораз.

Ол атап өткендей, атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен құрылғыларды қабылдау әрбір аумақтық полиция органында жүргізілді.

Акция аясында полицияға мыңнан астам тұрғын өз еркімен 1,4 мың атыс қаруын тапсырған. Оның ішінде 1 шолақ автомат, 197 ұзын ұңғылы қару, 3 тапанша, 1,2 мың тегіс ұңғылы, 19 - травматикалық қару, бір келіден (1,15 кг.) астам жарылғыш зат, сондай-ақ шолақ ұңғылы қаруға арналған 57,5 мың оқ-дәрі қабылданды, - деді ол.

Нұрділдә Ораз атап өткендей, ең көп атыс қаруы Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының полиция департаменттеріне тапсырылды.

Бүгінгі күні қару-жарақ заттарын өз еркімен тапсырған 908 азаматқа шамамен 91 миллион (90,8 млн) теңге төленді. Тарихи қызығушылық тудыратын үлгілерді қоспағанда, ерікті түрде тапсырылған атыс қаруы, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар жойылады, - деді ол.


Өзгелердің жаңалығы